"Полигон аймағында 1991 жылдан кейін туғандар адам емес пе?" Семей тұрғындары депутаттыққа үміткерлерге жанайқайын жеткізді

Семей тұрғындары "1992 жылы шыққан Семей сынақ полигоны туралы заң бүгінгі күн талаптарына жауап бермейді. Халыққа ешқандай жеңілдік жоқ. Жаңа заң қабылдау керек" деп наразылықтарын білдіріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Қаланың белсенді азаматтары мұндай ұсынысты депутаттыққа түсіп жатқан азаматтарға айтты.

"Семей сынақ полигоны туралы заңға сәйкес осы аймақта 1991 жылға дейін тұрған азаматтар ғана зардап шегуші болып саналады. Ал 1991 жылдан кейін туғандар адам емес пе сонда? Олар сынақ қасіретін шеккен жандардың тікелей ұрпағы емес пе? Заңда олар туралы бір сөз жоқ. Құқығы тапталған деуге де болады. Сонымен қатар 1949-1991 жылдар аралығында Семей өңірінде еңбек еткен, әскерде, оқуда болған немесе сол уақытта осы аймақтан көшіп кеткен адамдардың да құқығы қорғалмаған" дейді "Полигон 21" комитетінің мүшесі Роллан Мәшпиев.


Айта кетейік, 2021 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығында "Полигон 21" комитеті құрылған болатын. Комитет мүшелері қазір Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау жөнінде бастама көтеріп, қол жинап жүр.

"Біздің көтеріп отырған басты мәселеміз – Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау. Қолданыстағы заң бойынша аймақтағы жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын 4 594 теңге көлемінде экологиялық үстемеақы қосылады. Заңда экологиялық төлемді жұмыс беруші төлеуі керек деп көрсетілген. Семей өңірі еркін экономикалық аймақ ретінде дамуға тиіс. Сондықтан экологиялық төлемдердің барлығы мемлекет есебінен төленуі қажет. Азаматтардың жалақысына кем дегенде 40-50 пайыз үстемеақы қосылуы керек. Семей өңірінің тұрғындары зейнеткерлікке мерзімінен 10 жыл бұрын шығуға тиіс деп есептейміз" дейді комитеттің мүшесі, Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Құрманбай.


Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!