"Кімге сенемін, соны тағайындаймын". Шешенстан басшысының лауазымды қызметтегі балалары туралы не белгілі?

"Кімге сенемін, соны тағайындаймын". Шешенстан басшысының лауазымды қызметтегі балалары туралы не белгілі?
Фото: Telegram | Kadyrov_95

Кеше Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 20 жастағы қызы Хутмат Қадырованы денсаулық сақтау жүйесіне лауазымды қызметке тағайындады. Алайда ол Шешенстан басшысының лауазымды қызметтегі жалғыз баласы емес. Massaget.kz тілшісі Қадыровтың балалары қандай басшылық қызметті атқарып жүргеніне шолу жасады.  

Рамзан Қадыровтың 20 жастағы қызы Хутмат Қадырова енді Шешенстанның денсаулық сақтау жүйесіне жетекшілік етеді. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Адам Алханов Telegram-арнасында айтқан болатын. 

"Шешенстан Республикасы басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау жүйесін Хутмат Рамзановна басқаратын болады. Оның жетекшілігімен оңалту қызметі сапалы жаңа деңгейге шыққанын көріп отырмыз, енді Хутмат Қадырованың білімі мен тәжірибесі бүкіл медицина саласының дамуына ықпал етеді", - дейді Адам Алханов. 

Сонымен қатар, ашық дереккөздердің мәліметінше, Хутмат кәсіппен айналысады және 16 жасында Ресейдегі ең жас фермер атанған. 

Рамзан Қадыровтың үлкен қызы Айшат Қадырова Шешенстанның мемлекеттік аппаратында лауазымды қызметке алғаш тағайындалған балаларының бірі. Бүгінде Айшат елдегі мәдениет министрі қызметін атқарады. Ол бұл қызметке 2021 жылы тағайындалған болатын.

Республикалық парламент спикері Магомед Даудов жаңа тағайындау туралы мәлімдеп, Айшат Қадырова республиканың дамуына, атап айтқанда, кітапханалардың, мәдениет үйлері мен театрлардың дамуына зор үлес қосқанын атап өткен болатын. 


Айшат Қадырова. Фото: grozny.tv

Айта кетейік, Айшат министр қызметіне тағайындалған кезде 22 жаста болған. Министр лауазымына дейін Айшат Қадырова Мәдениет министрінің орынбасары болған. Ал оған дейін "Firdaws" сән үйін басқарған.   

Қадыровтың тағы бір қызы Хадижат Қадырова Грозный қалалық әкімдігінің мектепке дейінгі білім департаментінің басшысы.

Хадижат Қадырова

РИА Новости мәліметінше, 2021 жылы желтоқсанда Хадижат "Шешен Республикасына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгімен марапатталған болатын. 

Рамзан Қадыровтың ұлы Ахмат Қадыров "Движение первых" балалар мен жастардың жалпыресейлік қоғамдық-мемлекеттік қозғалысының өңірлік бөлімшесі кеңесінің төрағасы. Тіпті 4 наурызда Ахмат Қадыров Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездескен. 

Рамзан Қадыровтың сөзінше, бұл бейресми кездесу болған. Кездесуде Ахмет Қадыров Путинге өңірдегі жастар саясаты туралы айтып берген. Айта кетейік, Ахмат Қадыров бұл қызметке 16 жасында отырған. 

5 ақпанда Рамзан Қадыровтың өзі туыстарының басшылық қызметтерге тағайындалуына қатысты ойын айтқан болатын. 

"Түрлі "сарапшылар" мен "саясаттанушылар" менің мемлекеттік қызметтегі туыстарыма келгенде Заң туралы сөз қозғағыш болып қалады. Олардың әңгімесін тыңдасаңыз жүз мыңдаған қызметкердің ішінде менің жақын туыстарым болғандықтан бүкіл республика қирап түсетіндей. Күлкімді келтірмеңіздерші", - деді Қадыров Telegram-арнасында. 

Шешенстан басшысы кез келген мекемеде қызметте отырған туыстарынан сұрау он есе қатты болатынын, себебі олар "бұл қызметте Қадыровтың арқасында емес, өз еңбегімен тағайындалғанын дәлелдей алуы керегін" айтқан болатын.  

"Кімге сенемін, соны тағайындаймын. Маған нәтиже керек", - дейді Қадыров. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина