Ғалымдар ковидтің тағы бір денсаулыққа тигізер зиянын анықтады

Ғалымдар ковидтің тағы бір денсаулыққа тигізер зиянын анықтады
Фото: hypescience.com

АҚШ-тағы Дартмут колледжі ғалымдарының жаңа зерттеуі COVID-19 ұзақ мерзімді аурудың тағы бір жанама әсері адам жүзін тану қабілетсіздігі деп аталатын просопагнозия болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл адамдарды тану қабілетінің жоғалуы. Ғалымдардың зерттеуі sciencedirect-те жарияланды.

Ғалымдар коронавирустың көптеген жанама әсерлерін, соның ішінде зейіннің, есте сақтаудың және сөйлеудің бұзылуын, сондай-ақ иіс пен дәмнің жоғалуын анықтаған болатын. Енді оған тағы да бір просопагнозия диагнозы қосылды.

Жаңа зерттеуде ғалымдар 28 жастағы Эннидің жағдайын сипаттайды. Қыз портрет суретшісі болып жұмыс істейді, бірақ COVID-19-ды жұқтырғаннан кейін ол адамдардың, оның ішінде туыстарын да танымай қалған. Ата-анасымен сырқаттанғаннан кейін алғаш кездескенде қасынан өтіп кеткен. Дауыстап шақырғанда ғана таныған. Сондай-ақ бойжеткен есте сақтау қабілетінің де нашарлағанына шағымданған.

Зерттеу авторларының айтуынша, мұндай ауытқулар әдетте ми жарақаттарынан немесе даму бұзылыстарынан кейін байқалады. Бірақ Энни мұндайды ешқашан басынан өткермеген.

Науқаста шынымен просопагнозия бар екеніне көз жеткізу үшін ғалымдар бірқатар сынақтар жүргізді: оған таныс және бейтаныс адамдардың фотосуреттері көрсетілген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл ұзаққа созылатын коронавирусқа байланысты. Осылайша, олар 12 апта немесе одан да көп уақыт бойы COVID-19 белгілері бар тағы 54 адамның деректерін қараған. Олардың көпшілігінде когнитивті проблемалар, оның ішінде отбасы мүшелерін тану бойынша қиындықтарға тап болғандар бар.

Зерттеу ауқымы шағын болғанымен, ғалымдар адамдарды танымай қалу аурудың жалпы салдары болуы мүмкін деген қорытындыға келді.

Т. Раушанұлы