"Кеткен шығын 4-5 күнде ақталды". Актер Ақболат Өтебай эксклюзив сұхбат берді

"Кеткен шығын 4-5 күнде ақталды". Актер Ақболат Өтебай эксклюзив сұхбат берді

Назар аудар театрының актері, жайдарманшы, сценарист Ақболат Өтебай Zhuldyz FM-де қонақта болып, Massaget.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Көпшіліктің көңілінен шыққан отандық толықметражды фильм "Маған Назар Аудардың" таспалануы 2-3 жыл бұрын жоспарланған. Актер киноны жауапкершілікті сезінбейтін ер азаматтар әйелімен бірге көруге болмайтынын айтты. 

"Бұл жерде біз көп ойландық. Қазір феминизмнің өршіп тұрғанында еркектерді бұл фильм арқылы жығып беріп отырған жоқпыз ба? - деген ой болды. Бірақ екі тараптың да шындығын жеткіздік. Егер жауапкершіліктен қашып жүрген жігіттер болса. Әйеліне, бала-шағасына энергиясы жетпей жүрген болса, үйіне тек тамақ ішуге келетін болса әйелімен бармай-ақ қойғаны дұрыс. Ал жақсылыққа ұмытылып, бақытты боламыз, деп отбасының алдында жауапкершілігі бар еркек ол міндетті түрде әйелімен бірге барады", - дейді әзілкеш. 

Кино түсіру әуел бастан жігіттердің ойында жүрген. Әртүрлі тақырыптарда сценарий жазатын театр осы киноның табысты болатынына күмән келтірмеген.

"Өз шығынын кино 4-5 күнде ақтады. Алғашқы аптада науқан күшті болды. Бірақ кеткен шығынның орны толды, деп толық сеніммен айта аламын. Бірақ одан кейін есебін сұраған да, алған да жоқпын. Біздің топта Азамат Аленов деген өте тиянақты жігіт бар. Сол жігіт есепке жауап береді. Ешкімді ренжітіп жатқан жоқ", - дейді әзілкеш.

Актер "Маған Назар Аудар" киносын түсіруге бас-аяғы 150 миллион теңге жұмсалғанын айтты.

Айта кетейік, "Маған Назар Аудар" фильмі 2023 жылы 23 ақпанда қалың көпшілікке жол тартқан еді. Театр өз көрермендерін алдағы уақытта тағы бір фильммен қуантпақ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы