Путинмен күресіп, жеңген қазақ кім?

Ресей президенті Владимир Путинмен күресіп, жеңіске жеткен қазақ Астана қаласында тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көрші ел басшысының мысын басқан білекті де жүректі азаматтың аты-жөні - Мұрат Керімбаев. 1950 жылы Семей облысының (қазіргі Абай) Ақсуат ауданында дүниеге келген ол жас кезінде самбомен айналысып, кейін сот саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Қазір зейнеткерлікте. Ол Путинмен екі мәрте кездескенін айтады. Алғашында боз кілемде белдескен екен.

"1968 жылы қарашада әскерге шақырылдым. Семейдің педагогикалық институты жанындағы денешынықтыру курсында бір жыл оқығаным бар. Күреске бейім едім. Әскерде қарсылас шақ келтірмей жүрдім. 58 келі салмақ дәрежесінде Забайкалье әскери аймағының чемпионы да болдым. Ол кезде самбо күресінде ең жеңіл салмақ 58 келі болатын. Сондай жарыстардың бірінде Ресейдің бүгінгі президенті Владимир Путинмен жолым түйісті. Екеуміз бір топқа түсіппіз. Путин ол кезде студент еді. Ленинградтың заң факультетінде оқып жүрген кезі екен. Бірақ ол кезде мен оның заң факультетінде оқитынын білген жоқпын. Кейін өмірбаянын оқыған соң ғана білдім ғой. Сол күні бір топта төрт адаммен күрестім. Соның бірі Путин болды. Шынымды айтсам, мен ол кезде оның Путин екенін білген емеспін", - деп еске алады сол шақты Мұрат Керімбаев.

Мұрат Керімбаев әскерден келгеннен кейін 1972 жылы Томскіде Сергей Вицеманның жүлдесі үшін самбодан өткен бүкілодақтық турнирге барады. Путинмен сол жолы тағы да кездеседі.

"Ол кезде бір салмақта 66 адам күрестік. Бір қызығы, бұл жарысқа Путин де келіпті. Бірақ басқа топта күресті. Қарап қоямын, түрі таныс секілді. Айтпақшы, сол күні онымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Таныстырған - әскерде борышымызды бірге өтеген челябілік Анотолий Бондаренко деген жігіт. Путинді таниды екен. Бұрын бірге күрескен бе, әлде бір жерде бірге болған ба, әйтеуір, бірін-бірі жақсы біледі екен. Сол көргеннен кейін Путинді 28 жылдан кейін бір-ақ көрдім ғой. Өз үйімде, теледидардан. Жеңгең екеуміз теледидар көріп отырғанбыз. Теледидардан Ресейдегі президент сайлауында жеңіске жеткен Президенттің ұлықтау рәсімі көрсетіліп жатты. Президент келе жатыр. Қараймын, түрі таныс секілді. Әйеліме "мен мынаны танимын ғой. Менімен күрескен балуан" деймін. Міне, осылайша, Путинмен күрескенімді 28 жылдан кейін есіме түсірдім", - дейді ол.

Ал күрескенде кім жеңгенін Мұрат Керімбаевтың өзі айтты.

"Мен ол кезде 20 жастамын. Путин 18 жаста. Екі жас үлкендігім бар. Соған қарамастан, Путин жақсы күресті. Бірақ мен ұпай санымен жеңіске жеттім", - дейді Мұрат Керімбаев.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!