"Әр домбыраның өз киесі, қасиеті бар". Қазақтың ұлттық аспабын жаңа технология арқылы жасайтын шебермен сұхбат

"Әр домбыраның өз киесі, қасиеті бар". Қазақтың ұлттық аспабын жаңа технология арқылы жасайтын шебермен сұхбат
Фото: Аслан Қажиев

Домбыра - қазақтың асыл қазыналарының бірі. Ежелде ата-бабамыз домбыра жасау өнеріне ерекше ден қойған. 6 мыңжылдық тарихы бар бұл аспап күй өнерінің дамуына ықпал етіп, қазақтың әр жиын-тойында үнімен айрықша атмосфера сыйлаған. Massaget.kz тілшісі бүгінде жаңа технология арқылы аспап жасау өнерін жаңғыртып жүрген шебермен сұхбаттасты. 

Ертай Байжалғас Алакөл ауданы, Қазақстан аулында 1987 жылы дүниеге келген. Қазір туған өлкесінде "Баба жолы" атты шеберхана ашып, 4 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Ал бұл кәсіппен айналысқанына биыл 8 жыл. 

"Бұған дейін оқу бітіре сала компьютерлік мамандықты меңгергім келді. Солай 2010-2014 жылдар аралығында жарнама агенттігінде компьютерлік қызметте жұмыс істедім. Оның көп көмегі тиді, компьютерді меңгердім, түрлі Қытайдан келетін аппаратпен жұмыс істеуді үйрендім. Қазір ұлттық аспаптарды жаңа технологиямен жасауға да көмегін тигізді", - дейді шебер. 

Шебердің айтуынша, оның бұл кәсіпке қызығушылығын ұстазы ашқан. Университет қабырғасында жүріп, ол бұл кәсіптің ұлттық нақышты жоғалтып алмау үшін қандай маңызды екенін түсінген. 

"2005-2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алдым. Сол кезде бізге дәріс берген Жолаушы Тұрдығұлов ағаймыз дәріс бере жүріп, кәсіпті қатар алып жүргенін көрдік. Нағыз сапалы, кәсіби аспап Қазақстан бойынша қанша адамға қажетін көрдік, себебі сапалы домбыраны базардан сатып ала алмаймыз, оны тапқанымен сапасы сын көтермейді. Ал біздің ағайымыз қаншама консерваторияға аспап жеткізетін, қанша бала, музыкантты аспап жасап берді.  Біз сол кезде бұл бір жақсы кәсіп екеніне көзіміз жетті", - дейді Ертай Байжалғас.

Ертай Байжалғас домбыра жасаудың қазіргі технологиясын түсіндірді. 

"Домбыра жасау ерекшелігіне келсек, бұрынғы заманнан бүтін ағашты шалып жасайтын әдісі бар, қазір оны жеңілдетіп, балаларға не кәсіби эстрада әншісіне ыңғайлы етіп, шанақтан жіңішке етіп тіліп, 7,9,12 шанақ қылып құрап жасаймыз. Бұрынғыдай бүтін ағашты шауып жасамаймыз. Оны тек мұражай не арнайы тапсырыс болмаса, көне дәстүрмен сирек жасаймыз. Қазір ХХ ғасырдан бері дамып келе жатқан жаңа технологиялар арқылы құрама әнге, шертпе, төкпе күйге арнап домбыра жасаймыз", - дейді кейіпкер. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ⚜️??Ertay.Bayjalgas⚜️ (@ertay.bayjalgas)

Шебердің айтуынша, бұл кәсіп алғашында ешқандай табыс әкелмеген, бірақ қазір тапсырыс тіпті шетелден түседі. 

"Алғашында бұл кәсіпті бастау қиын болды. Басында өзіміз үшін, кәсібилігімізді шыңдау үшін жұмыс істедік. Бастапқы 2 жыл шығын көп болды. Қазір 8 жыл болды. Айлық табысымыз өзімізге, шәкірттерімізге де жетеді. Шетелдегі қазақтардан да тапсырыс көп түседі", - дейді Ертай Байжалғас. 

Шебердің айтуынша, бір адам домбыраны 3 күн жасайды. Сондай-ақ, ол әр домбыраның өз киесі бар дейді. 

"Егер домбыраны жалғыз өзім дайындайтын болсам, 3 күндей уақыт кетеді. Шанағы мен мойын ағашы қатты ағаштан болуы керек, ал бет ағашы маңызды, сондықтан оған балқарағай не шырша ағашын қолданамыз. Себебі осы екі ағаш дыбысты таза береді, дыбыс ырғағын ұлғайту үшін күмбез секілді жасаймыз. Өлшем бірлігін үлгісі арқылы жасаймыз. Бізге әрбірі домбыраның дыбысы түрлі естіледі. Әр аспап бала сияқты. 5 домбыра жасасақ та, 5-еуі 5 түрлі дыбыс береді. Бұл оның қасиетінде. Әр домбыраның өз қасиеті бар. Бәрінің ағашы бір болса да, біреуі күңгірт қоңыр дыбыс берсе, енді бірі жұмсақ дыбыс береді", - дейді ол. 

Бүгінде шебердің жасаған ең қымбат аспабы - домбыра. Ол бір домбыра үшін 4 мың доллар алғанын айтты. Теңгеге шаққанда ол 2 миллионға жуық. 

"Мен түркі әлем аспаптарын, одан басқа панно шежірелерін жасаймын. Ең қымбат бұйым - домбыра. Биыл "Асыл домбыраға" алтынмен қапталған ең қымбат 2 домбыра жасалды. Құны - 4 мың доллар", - дейді шебер. 

Шеберханада домбырадан басқа панно, шежіре, астау сынды бұйымдар жасалады. 

Ертай Байжалғас жақында Өзбекстанға барып, бұйым жасаудың жаңа технологияны меңгергенін айтты.

"Жақында тәжірибе алмасу мақсатында Өзбекстанға барып қайттық. Өзбекстанда Хиуа, Самарқанд қалаларына барып, текстиль, жез, ағашпен жұмыс істеу технологиясын көрдік. Олар мемлекет деңгейінде қолдауға ие екен. Мысалы бізде  Алакөл сынды ауданда 2 шебер болса, онда осындай ауданда 2 мыңнан аса шебер бар. Олар әулетпен аналысады екен. Тіпті бұл кәсіппен 500 жыл айналысып келген әулет бар. Олар бұл кәсіпті атадан-балаға мұра етіп отырады", - дейді ол. 

Шебер ендігі жоспары заманауи, пайдалануға жарайтын кәдесый технологиясын жасауды ойлап тапқысы келетінін айтты. 

"Қазір кәдесый өнерінің заманауи тәсіліне бет бұрып жатырмыз. Елге келетін туристер магниттен бөлек, функцияналды, пайдаға асатын кәдесый жасауға тырысады. Сол бағытты жандандырып, сондай кәдесый жасасақ дейміз", - дейді шебер. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек