Қазақстанда неке келісімшартын жасау үшін не білу керек?

Қазақстанда неке келісімшартын жасау үшін не білу керек?
Фото: pixabay.com

Неке келісімшартын жасау қазақ қоғамында жат дүние секілді көрінеді. Алайда бүгінде неке шартын жасап жүрген жұптар жоқ емес. Қазақстанда неке келісімшартын жасау туралы не білу керек? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.  

Неке келісімшарты деген не?

e.Gov порталындағы мәлімет бойынша, неке келісімшартын неке шарты деп те атайды. Неке және отбасы туралы кодекстің 39-бабына сәйкес некеге отыратын адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi және ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм. Одан бөлек, неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін.

Яғни неке шарты некедегі ерлі-зайыптылардың және балалардың мүлікке құқығын бекітетін заңдастырылған келісім. Неке шартын жасау не жасамау - ерікті шешім. Оны жасасуға немесе жасаудан бас тартуға ешкім міндеттемейді. 

Неке келісімшартын қашан жасауға болады? 

Кодекстің 40-бабына сәйкес неке шартын некені тіркеуге өтініш берген күннен бастап, некені тіркеу рәсіміне дейін де жасауға болады. Сонымен қатар, неке кезеңінің кез келген уақытында да жасауға болады. Яғни неке шартын өзіңізге қолайлы кез келген уақытта жасай аласыз. Егер некені тіркегенге дейін неке шартын жасасаңыз, онда шарт некені тіркеу рәсімінен кейін ғана күшіне енетінін ескерген жөн.

Неке шартын жасасу үшін қайда жүгіну керек және не қажет?

Неке шарты жазбаша жасалады және міндетті нотариалдық куәландыру қажет. Неке шартын жасасу үшін ерлі-зайыптылардың екеуіне де нотариусқа бару қажет, өзімен бірге бірнеше құжат ала бару қажет:

  • Неке қию туралы куәлік.
  • Ерлі-зайыптылардың әрқайсының жеке басын куәландыратын құжат.
  • Егер шарт бұрын бар мүлікке қатысты жасалса, мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар, сондай-ақ мүлікпен мәмілелерді рәсімдеуге қажетті басқа құжаттар.

e.Gov мамандары неке келісімшарты ажырасудың себебі болуы мүмкін деген жалған сенімнен бас тартқан жөн екенін, әлемдік тәжірибе неке шартын жасасу көп жағдайда некенің сақталуына ықпал ететінін айтады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина