Қостанайда әйел мен баласына керосин шашып, өртеп жіберген ер адамға қатысты үкім шықты

Қостанайда әйел мен баласына керосин шашып, өртеп жіберген ер адамға қатысты үкім шықты
Фото: izippo.ru

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баласы бар әйелге керосин шашып, кейін өртеп жіберген ер адамға қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елді дүр сілкіндірген қылмыс былтыр наурызда Рудныйда болған. 44 жастағы ер адам көршісіне өшпенділік білдіріп, оған керосин шашып, өртеп жіберген. Бұл кезде әйелдің қолында 4 жасар баласы болған.

13 наурызда Қостанай соты бұл іске қатысты үкім шығарды.

"Қоғамдық қауіпті іс-әрекет жасау кезінде ер адамның есі дұрыс емес болуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату, әлеуметтік қауіп төндіретін адам ретінде қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрінде медициналық сипаттағы шараларды тағайындау", - деп оқыды үкімді судья Алтынай Сағындықова.

Дәрігерлер зардап шеккен баланы аман алып қалған, бірақ ол осы уақыт бойы емделіп, бірнеше пластикалық ота жасатқан. Сотта ер адамның жұбайы жәбірленушілерге 2,5 миллион теңге өтемақы төлеуге тиіс екені белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек