Семейде экс-басшы мен оған пара берген тұрғынға 136 миллион теңге айыппұл салынды

Семейде жұмыспен қамту бөлімінің экс-басшысы жергілікті тұрғыннан пара алғаны үшін 85 миллион теңге айыппұл төлеуі керек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Семей қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты. 2022 жылдың қарашасында Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігі бойынша пара алу және беру ісі қарала бастаған. Абай облысының №2 соты бұл қылмыстық істі қарап, үкімін шығарды.

Соттың баспасөз қызметі мәліметінше, азамат К., Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы бола тұра, Ю.-дан қызметтік өкілетіне кіретін әрекет жасағаны үшін 1,7 миллион теңге көлемінде пара алған. Әңгіме көрсетілген қызметтер үшін қаражатты кедергісіз аудару, атап айтқанда, 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасы балаларына кепілдік берілген әлеуметтік пакетті ұсыну туралы болған.

Сот отырысында сотталушылардың кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелер: сотталушылардың айғақтары, жедел іс-шаралар мен жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары, сондай-ақ сотталушылардың жеке тінту хаттамасы бойынша толық дәлелденген.

"Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын түрін ескерді. Сот Семей қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бұрынғы басшысына 85 500 000 теңге көлемінде 50 еселенген айыппұл салды. Азамат Ю.-ға 30 еселенген 51 300 000 теңге көлемінде айыппұл салынды", - деді №2 соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Бұл іс бойынша азаматтық талап жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!