"Галлюцинация". Ақтауда облыстық ауруханада науқас екінші қабаттан секіріп кетті

Ақтауда облыстық ауруханада науқас екінші қабаттан құлап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.  

Басылым мәліметінше, алдымен ер адам есікті сындырып, артынша төмен қарай секіріп кеткен. Оқиға бүгін 10 наурызда таңғы 7 шамасында болған. Ақпаратты медбикелер растаған. Дәрігерлердің сөзінше, ер адам алкогольдік интоксикациядан туындаған галлюцинация салдарынан осындай қадамға барған болуы мүмкін. 

Құлаған адамға шынтақ буынына операция жасалуы керек болған. 

"Таңертең кезекші дәрігер науқастарды аралап шығуға кеткен. Оның сөзінше, сағат 07:15 шамасында ер адам травматология бөлімінің терезесін шағып, коридорға қарай жүгіріп кеткен. Артынша екінші қабаттан секіріп кеткен", - деді Маңғыстау облыстық ауруханасының өкілдері. 

Науқастың жағдайы ауыр, ол жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!