Иманғали Тасмағамбетов пен Садыр Жапаров не туралы сөйлесті?

Бішкекте Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚШҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қырғыз президенті мен ҰҚШҰ Бас хатшысы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ, Ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша пікір алмасты.

Садыр Жапаров Иманғали Тасмағамбетовты жаңа қызметке кірісуімен құттықтап, өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесін Ұйымның мақсаттары мен міндеттерін өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында жұмсайтынына сенім білдірді.

Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының 2023 жылға жоспарланған басымдықтары туралы баяндады.

"ҰҚШҰ шешімдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын төрағалық етуші тарап Беларусь президенті Александр Лукашенко бекітті. Біз оны жүзеге асыруға кірістік. Ол біздің Ұйымның құзыретіндегі барлық саланы және төрағалық етуші тараптың басымдығын көрсетеді", - деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.

ҰҚШҰ баспасөз қызметі

Садыр Жапаров Қырғызстанның аймақтағы қауіпсіздік кепілі ретінде ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтты. Әскери, ақпараттық және гуманитарлық сипаттағы шараларды үйлестіру мақсатында Қырғызстан биыл өз аумағында ҰҚШҰ-ның "Мызғымас бауырластық-2023" бітімгершілік күштерімен оқу-жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр.

"Қырғызстан ҰҚШҰ ролі мен беделін арттыруға мүдделі. Ұйымның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау үшін көп мүмкіндігі бар", - деді Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті ҰҚШҰ құзыретінің барлық аспектісі бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамытуды дәйекті түрде нығайту, қауіпсіздікке төніп тұрған сын-қатерлерге жедел ден қоюға қабілетті әскери-саяси халықаралық ұйым ретінде әлеуетті арттыру бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын алға тартты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!