"Студенттер балық немесе сүңгуір емес". Астанада жастар оқу орны басшылығына қарсы флеш-моб өткізді

"Студенттер балық немесе сүңгуір емес". Астанада жастар оқу орны басшылығына қарсы флеш-моб өткізді

Астанада қар еріп, жаңбыр жауған сайын Қазақ ұлттық өнер университеті ғимаратын су басады. Студенттер оқу орны бассейнге айналатынына шағымданды. "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы осы мәселені көтеріп, флеш-моб өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл оқу орны әкімшілігі суды шелектерге жинап жатқаны алғаш рет емес. Кейде университет ғимараты бойындағы шелектердің саны ондағы музыкалық аспаптардың санынан асып түсетіндей әсер қалдырады. Студенттер сабаққа жету үшін түрлі кедергіден өтеді. Оқуға құрғақ келу мүмкін емес. Осының барлығын студенттер ғана емес, "Шабытқа" спектакль қойып, шеберлік сағаттарын өткізетін шетелдік өнерпаздар да үнемі бақылап отырады", - дейді қозғалыс өкілдері.

ҚазҰӨУ төбесінен су ағып жатқаны жайлы ақпарат бұған дейін де БАҚ-та жарияланған. Бірақ университет басшылығы өкілдері бұған ешқандай пікір білдірмеген. 

"Шабыттың" студенттері балық немесе сүңгуір емес. Олар қалыпты жағдайда шығармашылықпен айналысуға лайық. Жаңа Қазақстан дәл осындай өзгерістерден басталады: біздің кіреберістерден, аулалардан, көшелерден, оқу орындарынан. Үрейден бас тартып, өз құқығымызды талап ететін кез келді. "Шелек шабытты құртады" флешмобы ҚазҰӨУ ғимаратының жантүршігерлік жағдайына назар аудару үшін ұйымдастырылды. "Шабыттың" студенттері балық немесе сүңгуір емес. Олар қалыпты жағдайда шығармашылықпен айналысуға тиіс", - деді "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының белсендісі Әлихан Сәрсенов.

Олар ҚазҰӨУ басшылығынан осы мәселені шешуді сұрап отыр.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова