Теледидар көрсетпейтін ауыл: ШҚО-да тұрғындар жаңалықтан қол үзгеніне екі апта болғанына шағымданды

Теледидар көрсетпейтін ауыл: ШҚО-да тұрғындар жаңалықтан қол үзгеніне екі апта болғанына шағымданды

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындары теледидардан күнделікті ақпарат тыңдай алмай отырғандарын айтып шағымданды. Самар ауданына қарасты Көкжыра, Құлынжон ауылдары аумағында жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, округ жұрты көп уақыттан бері жаңалық естуден қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аудан әкімі Раджан Сейтқанов осыған дейін өткен брифингте барлық түйткіл рет-ретімен шешімін табатынын мәлімдеген еді. 

"Егде жастағы адамдардың ермегі газет-журналдар оқып, жаңалықтар көру ғой. Әлемдегі саяси ахуалдар сәт сайын шиеленісіп, мемлекеттер арасындағы түрлі келіссөздер, өзгерістер бізді де қызықтырмай қоймайды. Бір жерден ақау шықты ма, жөндеу жүріп жатыр ма, еш ескертпеді", - деді зейнеткер Гүлбану Байханова.

Бұл жағдайды аудан әкімдігі өкілдерінен сұрадық. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев жағдай аз уақытта реттелетінін айтты.

"OTAU TV-дың мұнарасында үш күннен бері жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Амандық болса, бүгін кешке, үлгермесе ертең таңертең қосады. Ауылдастар тобына (WhatsApp-тағы - еск.) жазылған болуы керек. Біздегі ақпарат бойынша мұнарада қандай да бір ақау шыққан", - дейді бөлім басшысы.

Бірақ тұрғындар теледидар бір күнге қосылып, ертеңінде ауыл қайта тым-тырыс күйде қалғанын айтты. Ол аздай байланыс та жоғалған.

"Ғаламтордан қол үзген елді мекендердің өздері кемі теледидар көріп, шаршап келгенде көгілдір экран алдына жайғасатын. Округ әкімдігінен сұрастырып көріп едік. "Біз білмейміз" деп келте қайырды. Әкім шара қолданбайды екен, тым құрығанда не болып жатқанын анықтап көруіне болады ғой. Өркениеттен алшақтап отырғанымызға екі аптаға жуықтапты", - дейді ашынған тұрғындар.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова