Қой бағып, борсық соққан әже қазір кесте тігеді: ШҚО тұрғыны қолөнерді хоббиге айналдырған

Қой бағып, борсық соққан әже қазір кесте тігеді: ШҚО тұрғыны қолөнерді хоббиге айналдырған

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Катонқарағай ауданының тумасы Дәмелі Мергенбайқызының туған өлкесінен Риддер қаласына қоныс аударғанына жиырма бір жыл болды. Жас күнінде тағылармен ұшырасып, қолына түскенін соғып алған ол бүгінде кесте тігудің хас шеберіне айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Катонқарағайдың орталығы Үлкен Нарын ауылынан 120 шақырым жерде орын тепкен Қайыңдыдан кеншілер шаһарына ойысуын жымия еске алды. Қайыңдының қысы шыңылтыр, Риддерде де аяз жиі атқа қонады. Кесте тігуге деген қабілет қанмен берілген көрінеді.

"Шешеміз жіп иіріп, алаша тоқыды. Әкем ер-тоқым жасап, етік тігетін, кендірден арқан есетін. Барлығын соларға қарап, көмектесіп жүріп үйрендім. Қазір зейнеттеміз, күн батқанша ермек қылып көз майымызды осы кесте тігуге төгеміз. Жас күнімнен тіккенім - құрақ көрпе, алаша - текемет, киіз басып, қолға алған бұйымымды оюлаймын. Іске жарайтын меринос жүнін Катонқарағайға барғанда сатып аламын. Сол жақта жуып, сабап алған соң Риддерде түтемін", - деді кейіпкеріміз.

Қызығы сол - әжеміз кейбіріне апталап уақыт жұмсайтын бұйымдарын сатуды абырой санамаған. Көбін ағайын-туысқа сыйласа, қызына жасау сұраған кейбірі ғана еңбегін елеп, келіскен бағасына қарай қаражатын қалдырып кетеді. Риддердегі үлес саны басым өзге ұлт өкілдері де қазақ бұйымдарына қызықпайтын сыңайлы.

Дәмелі Мергенбайқызының ісмерлігі зейнет жасында қарқын алды. Оның айтуынша, қарттыққа жақындай түскен сайын тоқыма киім-кешекті де нақышына келтіреді. Шағын көрпешенің өзіне безендіру үшін бармақтай гүлдерді алдымен тоқып алып, іле жапқыштарға тігеді. Алаша тоқумен салыстырғанда, осындай көзтартар көрпешелер бір ай уақытты сарп қылады. Ұлы Назар Асаиновтың айтуынша, анасын қосқанда Риддерде қолөнерді жаңғыртып отырған үш-төрт қарт қана бар. Бұл кісілердің көзі тайса, тігіншілік пен тоқыманы жалғар буын шыға қояр ма деп алаңдайды.

Оның кіндік қаны тамған жерде қой бағып жүріп, басынан өткерген қызықтары да таңғалдырмай қоймады. Үш жасында анасы ерттеген атқа мінгесіп, шөпке барған. Бой жетіп, тұрмысқа шыққан соң Берел ауылының маңында қой бағып бастаған. Жеті жыл өмірі аттың жалында өтіп, ер-азаматтар атқаратын ауыр жұмыстарға да араласты.

"Ол кезде қырықтың қырқасындамын. Тұрағымыз - киіз-үй, бала-шағам - мал соңында. Тұманды күні екі қасқыр отар қойды білдіртпей айдап барады. Ұлдарым көріп, атқа қонды да тұра қуды. Аш болса керек, бетін қайтарып тастаған ұлдарым жағы қарысып қалыпты деп келді. Тағыны жақыннан көріп тұрғаным - осы. Бірде ауылдан қайтып келе жатып, жақын маңда жортып жүрген борсықты байқап қалдым. Атымнан түсіп, қуалап, қамшымен тұмсығынан тартып жібергенде есеңгіреп қалды. Сол күйі шақарланып өзіме жүгірді. Содан тас жіберіп, тұмсығына дәл тигіздім. Тұрқы итпен қарайлас аң әйел адамға оңайлықпен алдырмайды екен", - деді Дәмелі Мергенбайқызы.

Қайыңдының тумасы есеңгіреген борсықты олжа етуге жүрегі дауаламағанын айтты. Кейін суырдың да баласын асырап, шаңқылдаған үнін талай естіпті. Көршілес ауылдарға асау айғыр мен жорға мініп, тек қойға шыққанда жуас атты ерттеген. Кезінде қой бағып, борсық соққан жетпістегі әже қазір көздің жауын алар кесте тігіп отыр.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы