"40 жылда шамамен 9-10 мың адамды қар құрсауынан құтқардым". Нәзік жанды жол қызметшісімен сұхбат

40 жылдан аса уақыт қара жолдың бойында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан, Көкпектідегі "Қазавтожол" ЖШС-іне қарасты №29 жол пайдалануға беру телімінің (ДЭУ) басшысы Гүлдерай Мұхамадиеваны Абай облысындағы такси жүргізушінің бәрі таниды. Massaget.kz тілшісі 8 наурыз мерекесінде еңбегімен ел құрметіне бөленген жанмен сұхбаттасты.

Гүлдерай Мұхамадиева әдетте бұл күні жұмыста болатын, бірақ биыл үйінде қарсы алған.

"Бұл жолы үйдемін. Көкпектідемін. Мейрамға арнайы келдім", - дейді ол.

Кейіпкер жұмысындағы ерекшеліктері мен тұрғындар ықыласына бөленгені туралы айтып берді.

"Омбы-Майқапшағай" жолының жаңартылып жатуына байланысты екі жылдан бері Үржар жақта жұмыс істеп жатырмын. Жазда әртүрлі ауданға жібереді, біресе Қайнарға, біресе Аягөзге дегендей. Жол жөндейміз, тесіктерді жамаймыз. Негізі зейнетке шыққаныма 8 жыл болды. Ең бастысы, бастықтар қуып жатқан жоқ. Өздері шақырып, "жұмыс істеңіз" деп жатыр. Әйтпесе менің де демалғым келеді. Жас болса, келіп қалды. Ал көкпектілік жерлестерімнің мені іздеп жатқаны рас. Өткен жолы Байбураның жолы жабылып қалғанда мені іздеп, "Гүлдерай қайда? Шақырыңдар" деп аудан әкіміне дейін барыпты", - дейді ол.

Ол 40 жылда қанша адамды қар құрсауынан құтқарғаны туралы бөлісті.

"Нақты саны есімде жоқ. Талай адамға көмектестік қой. Жолаушылар риза болып, үйіне қонаққа шақырып жатады. Сол адамның бәрін араласам, 4-5 жыл үйде қонбайтын шығармын. Шамамен, 9-10 мың адамға көмектескен шығармын. Әсіресе 2015 жылғы қыс есімде қалыпты. Сол жылы 24 желтоқсаннан 2016 жылғы 16 қаңтарға дейін қар тоқтамай жауды. Көліктер тапталған жалғыз жолмен керуен болып, бірінің артынан бірі жүріп отырды. 400-500 машинаны өзіміз бастап барып, қайта әкеліп жүрдік. Күні-түні жұмыс істедік. Сол кездері түнгі сағат 2-де далада жалғыз қалғаным да бар", - дейді кейіпкер.

Сондай-ақ, ол такси жүргізушілерімен жақсы араласып, олардың "қазгидрометіне" айналғанын айтты.

"Бұрын Көкпектіде жүргенде өскемендік, семейлік таксистер жолға шығар алдында маған хабарласатын.
Көлік нөмірлеріне келсек, Зайсанның таксисінің көбі Toyota мен Camry-мен, Тұ­ғылдың таксистері негізінен Volkswagen мен Granta, ара­сында Camry де бар, ал Ақжардың жігіттері Camry мен Granta-мен жүреді. Так­систің бәрімен доспын десем артық айтпаған болармын. 8 наурыз мейрамында ға­на емес, басқа да мерекелерде гүл­дерін әкеп, құттықтап жатады. "Семей-Зайсан", "Зайсан-Өскемен", "Зайсан-Астана" бағыттарында жүретін автобус жүргізушілерін де танимын. Біз үшін ең қиын, ең ауыр мезгіл - қыс. Қандай жағдай болсын жолаушыларды далада қалдырмауға тырысамыз. Ең болмағанда, жылы жерге жеткізіп, ыстық тамағын береміз. Жолаушылар үшін 24 сағат тыным таппаймыз. Кейде түнгі сағат үште, төртте, бесте қоңыраулатып жатады", - дейді Гүлдерай Мұхамадиева.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!