Алматыда 20 миллион теңгеге дейін қандай пәтер сатып алуға болады?

Krisha.kz сарапшылары Алматының жылжымайтын мүлік нарығында құны 20 миллион теңгеге дейін қандай пәтер сатып алуға болатынын зерттеді.

Алматыда 20 миллион теңгеге дейінгі баспана

Бүгінде Krisha.kz сайтында 20 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үйді сату туралы 3,5 мыңнан аса хабарландыру жарияланған.

Олардың ішінде:

  • 1950-1999 жылдары салынған үйлердегі пәтер - 35 пайыз;
  • жекешелендірілген жатақханалардағы бөлме - 30 пайыз;
  • жеке үйлер - 15 пайыз;
  • 2000-2021 жылдары салынған үйлердегі пәтер - 10 пайыз;
  • салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтер - 10 пайыз.

Бұл сегменттегі ұсыныстың көпшілігі қаланың ескі тұрғын үй қорындағы 1 және 2 бөлмелі пәтерлер (көбіне 1960-1970 жылдардағы үйлерде) және жатақхана бөлмелері. Сондай-ақ, салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен 2000 жылдары салынған үйлердегі пәтерлер бар.

Жеке секторға келетін болсақ, бұл бағада 600-ге жуық нысан бар. Оның көпшілігі шағын учаскесі бар үйдің бір бөлігі немесе жартысы.

Жатақхана бөлмелері

Бұл - ең бюджетті тұрғын үй. 20 миллион теңгеге дейінгі ұсыныстардың 30 пайызы жатақхана бөлмелерінен. Алматыда олар - негізінен кірпіш пен панельмен қаланған төрт қабатты үйлер.

Алматыдағы жатақхананың ең төмен бағасы - 5,3 миллион теңге. 

Бағаға әсер ететін үш негізгі фактор бар:

  • тұрмыс жағдайы. Құны 10 миллион теңгеге дейінгі ең бюджет жатақханада әр қабатта ас үй, дәретхана және душ ортақ;
  • орналасқан жері. Ең қымбат жатақханалар Әуезов және Алмалы аудандарында, ең арзаны Түрксіб пен Жетісуда;
  • бөлменің ауданы. Бөлменің ауданы кішкентай болғандықтан, әрбір метр маңызды, ал ол неғұрлым үлкен болса, соғұрлым қымбатырақ болады. Бөлменің стандартты ауданы 10-нан 15 шаршы метрге дейін өзгереді. 

Жатақхана - кез келген бастама үшін тамаша мүмкіндік. Мұнда тұрып пәтерге ақша жинау әлдеқайда оңай. Уақыт өте келе бөлмені сатуға және ыңғайлы үй сатып алуға болады. 

Алматыда жатақхана орналасқан көп үй тозығы жеткен деп танылып, жөндеу бағдарламасы бойынша бұзылса, бөлме иесі толыққанды бір бөлмелі пәтер алады.

Алматыдағы ең арзан пәтер қанша тұрады

Алматыда бүгінде 16-20 миллион теңгеге қаланың әр жерінен 1 және 2 бөлмелі пәтер алуға болады. Ұсыныстардың басым бөлігі Түрксіб, Жетісу, Әуезов және Алатау аудандарында. Бұл ескі тұрғын үй қорындағы пәтерлер - 1960-1975 жылдары салынған кірпіш және қамыс үйлер. Сонымен қатар, 1980-1990 жылдары салынған панель үйлерде де ұсыныстар бар.

Мұндай пәтер бағасы 15,5 миллион теңгеден басталады.

Алматыдағы жаңа тұрғын үй кешендеріндегі 20 миллион теңгеге дейін пәтерлер 

Krisha.kz сайтында 16-20 миллионға сіз салыстырмалы түрде жаңа тұрғын үй кешенінен 1 бөлмелі пәтер таба аласыз. Бұл бағадағы көп пәтер Алатау және Наурызбай аудандарында орналасқан. Жетісу және Түрксіб аудандарында да бұл бағада пәтерлер бар.

Жер үйлер

15-20 миллион теңгеге 1,5-4 сотық шағын жер учаскесі бар 2, 3 бөлмелі жер үйдің де иесі бола аласыз. Көбіне бұл 1950-1980 жылдары салынған үйлер. Орналасқан жері - Түрксіб және Жетісу аудандары.

Салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер

Салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде пәтерді 20 миллион теңгеге дейін сатып алуға болады. Құрылысты аяқтау мерзімі осы немесе келесі жылға жоспарланған жаңа ғимараттағы пәтерді көрсетілген сомаға қарай аласыз. Бұл пәтерлер бағасы 15 миллионнан басталады.

Көбіне мұндай бағадағы пәтерлер СКД Наурызбай және Алатау аудандарында, сондай-ақ, қала маңында, Құлжа тасжолының бойында, ГРЭС ауданында, "Алтын Орда" базарының артында орналасқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!