Түркиядағы зілзаладан аман қалған қазақ қызы елге келді

Түркиядағы зілзаладан аман қалған қазақ қызы елге келді

Түркиядағы жер сілкінісінен аман қалған қазақстандық қыз Сабина Мамадьярова туған жеріне оралды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркияның Хатай провинциясындағы Антакия қаласында хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеуге шыққан топ Сабина Мамадьярованы аман-есен тауып алған еді. Олардың айтуынша, Сабинаның қолы сынған. Артынша ол ауруханаға жеткізілді. Онда отандасымыздың қолына ота жасалған.

"Ол ауруханада емделіп жатқан кезеңде біздің консул тұрақты байланыста болды. Сабина Мамадьярованың жанына жақын туыстары да барды. Ол Қазақстанға оралды", - деді Айбек Смадияров бүгін министрлікте өткен апталық брифингте.

Сыртқы істер министрлігі өкілі Қазақстан азаматының елге сапарын ұйымдастыруға көмектескенін де жеткізді.

Еске салайық, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілдері жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярованың Адана қаласындағы мемлекеттік ауруханада жатқанын мәлімдеген еді.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек