Адалдығымен танылған асыл жан

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ - "Ақтөбе ЖТ бөлімшесі" филиалы Орал станциясының инженер-технологы Күләнда Дұшанова өз өмірін теміржолсыз елестете де алмайды. Онысы таңқаларлық та емес. Өйткені Дұшановтар әулетінің теміржолдағы жиынтық еңбек өтілі шамамен 250 жыл.

Күләнда Аманғалиқызы 1968 жылы 26 қыркүйекте Орал облысы Шыңғырлау ауданы Тузово разъезінде теміржолшылық кәсіп атадан балаға жалғасып келе жатқан Дұшановтар отбасында дүниеге келген. Өмірінің алғашқы күндерінен бастап доңғалақтардың дыбысын естіп өсті және ересектердің теміржолдағы жұмыстары туралы әңгімелерін де талай тыңдады.

Әулеттің негізін Тажкей атасы қалаған. Ол әжесімен бірге 1930 жылдары Волуйка - Пенза учаскесінде теміржол салған. Анасы Ақылтас бес баласымен өмір бойы осы салада - вагон депосында, жол дистанциясында, белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етті. Ал әкесі Аманғали Илецк белгі беру байланыс дистанциясында 40 жылға жуық жұмыс істеді. Ұлы Арман да әке жүрген ізбен жүріп келеді. Бүгінде ол Илецк белгі беру және байланыс дистанциясының бас инженері. Қарындасы Гүлнәр  "Жолаушылар тасымалы" АҚ-да жолсерік болғанды таңдады.

Орта мектепті Соль-Илецк №65 теміржол мектебінде бітірді. Қандай мамандық таңдау керек және қайда оқуға бару керек деген сұрақ ешқашан болған емес - тек теміржолға. Ол Алматы теміржол көлігі инженерлері институтының күндізгі бөліміне түсіп, оны "Теміржол көлігіндегі тасымалдау процестерін басқару" мамандығы бойынша "Қатынас жолдары инженері" біліктілігімен бітіріп шықты.

Күләнда Аманғалиқызы еңбек жолын Жилаево станциясының жүктері мен багажын қабылдау-тапсыру қызметінен бастап, артынан декреттік демалысқа кетті.

Әр жылдары Күләнда Аманғалиқызы Орал қаласында, не облыс орталығына жақын маңдағы Жилаево станциясында жұмыс істеп жүрді. 2004 жылдан бастап тасымалдау жағдайларын ұйымдастыру бөлімінің жетекші инженері, ал екі жыл бұрын Орал өңірі бойынша филиал санының азаюына байланысты екінші санатты инженер - технолог лауазымын атқарып жүр. Ұжымда үлкен құрметке ие, компания филиалы басшылығынан да, кәсіподақ желісі бойынша да бірнеше рет алғыс хаттар алды.

Нәзік жанға жақын саналатын тоқу мен тігу оның сүйікті ісі болса, спортпен шұғылданғанды да ұнатады. Үстел теннисінен аймақтық жарысқа  қатысып, бірінші орынға ие болып, спортқа қаншалықты берілгендігін дәлелдеді де. Содан бері корпоративтік спартакиадаларға қатысып келеді. Өткен жазда Бурабайда өткен "ҚТЖ" ҰК" АҚ спартакиадасына қатысу үшін Орал құрамасына да кірді.

"Бүгінде компанияда көптеген жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, цифрландыру қарқынды жүріп жатыр, алайда адами фактор әлі де бірінші орында тұр", - деп өз ойын бөлісті Күләнда Аманғалиқызы.

Материалды "ҚТЖ-ҰК" АҚ ұсынды 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!