"111 мың теңге". Қазақстандық әйелдер ай сайын сұлулық салонына қанша жұмсап жүр?

Ай сайын сұлулық салонында кемінде бір процедура жасату - көптеген әйелдің әдетіне айналғандай. Ол маникюр, кірпік жасату немесе шаш күтімі болуы мүмкін. Ал соның бәрін айына бір рет жасаса қанша кетуі мүмкін? Massaget.kz тілшісі нарықтағы орташа бағамен салыстырып, санап көрді. 

Шаш күтімі 

Айта кетейік, салыстырмалы түрде қаладағы ең қымбат және арзанырақ сұлулық салондарының бағасы арқылы есептейміз. Қаланың ең қымбат сұлулық салондарының біріне барып, шашыңызды бір түске боятқыңыз келсе 25-45 мың аралығында ақша төлеуге дайын болыңыз. Оның бағасы таңдаған шеберіңізге байланысты. 

Қымбат сұлулық салонында шашыңызды түрлі техника бойынша боятқыңыз келсе 25-45 мың теңге аралығында қаржыңыз болуы керек.

Фото: pexels.com 

Ал шаш кестіру қымбат сұлулық салонында 7500 бен 11500 аралығында. 

Кірпік жалғау 

Бүгінде қыздар мен әйелдер арасында кірпік ұзартып не жалғату кеңінен тараған. Кейбір салондарда әр шебер әртүрлі бағаға жасайды. Бағаларды салыстыра келе есептеуіміз бойынша, бір айда кірпік жасатуға кемінде 7 000 мен 15 000 теңге аралығында ақша қажет болады.  

Одан бөлек, табиғи кірпікке ешнәрсе жалғамай-ақ ұзарту әдісі бар. Сұлулық әлемінде ол "ламинациялау" деп аталады. Сұлулық салонындағы шеберлер ол үшн 10 мың немесе 12 мың теңгеге дейін сұрауы мүмкін. 

Фото: Pexels.com

Сонымен қатар, сұлулық салондары қас теріп, оны белгілі бір формаға келтіру қызметін де ұсынады. Ол үшін арулар 2500 теңге мен 4000 теңге аралығында төлеуі қажет. Сонымен қатар, қасты ұзақ уақыт формада ұстап тұру үшін жасалатын процедура да бар. Бұл қасы қалың қыздарға таптырмас нәрсе. Оның құны шамамен 10 - 12 мың теңге аралығында. 

Тырнақ күтімі Маникюр / педикюр 

Тырнақ күтімі, яғни маникюр көп жасалатын процедураның бірі. Әдетте сұлулық салонында көп орынды тырнақ шеберлері алып отырады. Бүгінде маникюрді қарапайым түрінен бастап түрлі дизайн мен түспен жасауға мүмкіндік бар. Бірақ шебердің жұмысы қиындаған сайын оның жасау құны да арта береді: ең арзаны шамамен 5000 теңге болса, одан кейін 10-15 мың теңгеге дейін арта беруі мүмкін. 

Әйелдер үшін аяқ күтімі де маңызды. Бүгінде сұлулық салондарында педикюр 7000 теңге мен 10000 теңге аралығында болуы мүмкін. 


Фото: Pexels.com

Шугаринг 

Сұлулық салондары аруларға шугарингтің екі түрін ұсынады. Бірі балауызбен жасаса, енді бірі лазерлі эпиляция. 

Балауызбен жасалатын шугаринг құны жасататын аймаққа (қол, аяқ, т.б) байланысты. Оның құны 1500 мен 6500 аралығында. 

Ал лазерлі эпиляция жасату құны әлдеқайда қымбат. Оның артықшылығы - бірнеше процедурадан кейін денеңізде түктер енді шықпайтын болады. Лазерлі эпиляцияны бір рет жасату 30 мың теңгеден басталады. Алайда сұлулық шеберлері кемінде 5 процедура жасау керегін айтады. Сондықтан сұлулық салондары 5 процедураны 120-130 мың теңгеге жасауды ұсынады.    

Орта есеппен шамалай келе, Қазақстанда әйелдер айына сұлулық процедураларына 111 мың теңгедей жұмсайды екен. Бұл лазерлі эпиляцияны қоспағанда жоғары аталған барлық процедураны жасаған жағдайдағы сома.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!