"Қол көтерген". 10 жылдан кейін "Меломен" тобына қатысты айтылмаған шындық ашылды

Бір кездері хит әндерімен танымал болған Меломен тобы алғашында төртеу болған. Кейін топ құрамынан Жігер Ауыпбаев шығып кетті. "Көреміз" бағдарламасында топ неге бөлінгені, неге триоға айналғаны айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Меломен" тобы 2007 жылдан бастап сахнаға шыға бастаған. 2017 жылы Жігер Ауыпбаев топтан кеткен. Оның сөзінше, топ құрамында алғаш үш адам болған. Бұл өнер ұжымы оқу орны қабырғасында құрылған.

"Сол кездерде бір-бірімізге қатты реніш болды", - деді Жігер Ауыпбаев.

Сондай-ақ, ол кейін топқа қайта ұсыныс білдіргенін айтты. Ал топтың қалған мүшелері Жігердің топқа келейінші деп сұранғанын, бірақ оған ренжігендерін жеткізді. 

"Тыңдарман Жігерді ұмытатын уақыттар да болды. "Жігер деген кім?" деген әңгімелер де болып жатады. Бір кеткен адам қайта кетіп қала ма деп қорқасың", - деген еді бұған дейін сұхбаттарында өзге топ мүшелері.

Топ мүшесі Ролан танымалдықтары арта келе жұлдыз ауруына шалдыққандарын жасырмады.

"Өз арамызда жұлдыздығымыз пайда бола бастады. Бірақ сұхбаттарда "Жігер арамызда ерекше" дейтінбіз. Жігердің жұлдыздығын өзіміз арттырып жіберген сияқты болдық", - дейді топ мүшесі Ролан.

Ал Жігердің сөзінше, топтан кету туралы шешімді сапарлардың бірінде қабылдаған. Өйткені топ мүшесі Қайратпен арада келіспеушілік туындаған.

"Қызылордадағы концерттен басталды. Сол сапардан келе жатқан кезде қабылданды. Сол кезде Қайрат екеуміз сөзге келмей қалдық. Роланға арамызды емдеу (дұрыстау - еск.) керек екенін айттым", - дейді ол.

Кейін тойлардың бірінде де дау шыққан. Жігердің айтуынша, той болатын жердің мекен жайын білмеген. Осылайша, хабарлама жазып, бірнеше мәрте сұраған. Бірақ жауап болмаған. Кейін топ мүшесі Роланға хабарласып, хабарламаларды қарауын сұраған. Сондай-ақ, ортақ чатта "топты не бар, не жоқ қылайық" деген де әңгіме айтылыпты. Осыдан кейін Жігер жігіттерге "кетемін" деген шешімін жеткізген.

Бірақ бұл топқа қатысты бір ғана оқиға емес екен. Концерттердің бірінде Жігерге топ мүшесі Қайрат қол көтерген. Топтың продюсері болған Жанна Абуованың туған күіне Жігер ән жазып, топ болып соны сыйлық ретінде бермек болған. Бірақ кейін топ мүшелері жеке сыйлық алғылары келетінін жеткізген. Ал сол кезде қаржысы болмаған Жігер сол әнді орындап шығыпты. Осылайша, қалған топ мүшелері ортақ айтып жүрген әнді Жігер жалғыз орындап шыққанына ренжіп, арты осылай болған екен.

Алайда бағдарлама соңында жігіттер түсінісіп, бірге ән айтты. Сондай-ақ, Жігердің концертінде де өнер көрсететіндерін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!