Қазақстандықтардың 85 миллион теңгесін алдап алған әйел Украинадан елге экстрадицияланды

Қаржы пирамидасының кезекті жетекшісі Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Украина Бас прокурорының офисі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан азаматшасы К.-ны экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырды.

Тергеу барысында аталған адамның 2017-2018 жылдар кезеңінде тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде беріп, қазақстандық азаматтардың 85 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатын алдап алғаны анықталды.

Прокуратура мәліметінше, ұсталған азаматқа халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл қаңтарда күдіктіні Украина аумағында сол елдің құқық қорғау органдары ұстады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!