"Айнала батпақ". Ақтөбе облысында тұрғындар дұрыс салынбаған жол үйлерге қауіп төндіргенін айтты

"Айнала батпақ". Ақтөбе облысында тұрғындар дұрыс салынбаған жол үйлерге қауіп төндіргенін айтты
Фото: elements.envato.com

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жомарт ауылына салынған жол талапқа сай емес. Соның салдарынан үйлерді су басу қаупі төніп тұр екен. Тұрғындар осы мәселеге байланысты дабыл қағып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шалқар маңындағы Жомарт ауылына былтыр жаңа тасжол салынған. Ал жолдың биіктігі шамамен бір метр болады. Күн жылынғалы жол жиегіне жиналған су сол маңдағы үйлерге қауіп төндіріп тұр екен. Ауыл тұрғыны Рашид Тілеуімбетов үш күннен бері ауласына кірген қар суымен арпалысып жатқанын айтады. Бұрын жол маманы болып жұмыс істеген тұрғын құрылыстың талапқа сай салынбағанын мәлімдеп отыр.

"Бұл - көшенің жолы. Жоспар бойынша бұл ауылда 800-ге жуық үй болуы керек екен. Кейінгі кезде халық көшіп келе бастады. Бірақ көшеге салынған тасжолдың биіктігі бір метр болады. Ал қаланың ішіндегі көшеге мұндай жол салынбайды, сыртқа салынады. Жолдың бас жағына суағар салды. Ал біз тұратын жақта жоқ. Мердігер мекемеге "су өткізетін құбыр сал" деген едік. Жобада қаралмағанын айтты", - дейді ауыл тұрғыны.

Рашид Тілеуімбетовтың айтуынша, жолдың жиегімен ағып келген қар суы ауласына кірген. Сарай мен сол жердегі дүкеннің алдын да су алған. Көрші үйдің де ауласына дейін су кіріпті. Ал келген суды ағызып жіберсе, төмендегі үйлерге қауіп төнеді екен. Қар енді еріп жатыр. Ауыл тұрғыны күн күрт жылынса, үйлерді су басып қала ма деп қауіптеніп отыр. Ол осы мәселені аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің өкілдеріне айтқан. Олар әлі күнге дейін техника жібермепті. Ауыл тұрғыны әкімдіктен осы мәселені шешіп беруді сұрайды.

"Тасжолды дұрыс салмағандықтан осылай қиындық көріп отырмыз. Сыртқа көрші үйдің ауласын жағалап, әрең шығып жүрміз. Көлік шыға алмайды. Айнала батпақ. Осы маңдағы өрт гидрантының да іші суға толып тұр. Бір жағдай бола қалса, гидрантқа бару мүмкін емес", - дейді.

Бұл мәселе бойынша Шалқар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасоваға хабарластық. Оның айтуынша, жол жоба бойынша салынған, сараптамадан өткен.

"Жол салынып жатқан кезде өтініш иесі бұрыштағы екі үйге қауіп төнбес үшін жол астынан өткел, яғни құбыр салу керек екенін айтыпты. Бірақ жобада бұл көрсетілмегендіктен мердігер мекеме салған жоқ. Ауыл ішілік жол емес, кіреберіс жол болғандықтан салынбайтынын айтты. "Бірақ ол адамның өтінішімен су келмеуі үшін жыра жасап береміз" деді. Құрылыс қазанға дейін созылып, жерді жыратын кезде күн салқындап кетті. Жер қатып, қазу мүмкін болмады. Бірақ мекеменің үш жылға дейін кепілдігі бар. Жақын күні жыра қазып береді. Мәселені айттық. Үйлерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал ауласына су келген тұрғынның үйіне инспектор барып, жағдайды көзімен көрді. Бүгін таңертең күн салқын болғандықтан техника жерді жырып қаза алмады, қатып қалған. Түстен кейін тағы барады. Суды ағызып жібереді", - деді Шұға Сәдуақасова.

К. Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова