Таразда жасөспірім өзімен жасты бала екі қолын беріп амандаспағандықтан қолын сындырып тастаған

Таразда жасөспірім өзімен жасты бала екі қолын беріп амандаспағандықтан қолын сындырып тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Немолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлады. 

"Бұл қалай болғанын елестете де алмай отырмын. Жасөспірім спортшы екені сөзсіз", - дейді Дина Таңсәрі. 

Зардап шеккен 13 жастағы баланың анасының сөзінше, оқиға 27 қаңтарда болған. Балаға операция жасалған.   

"Үш күн бұрын арыз жазғанмын. Бірақ бала 14 жасқа толмағандықтан, маған хабарлама қағаз берілді. Ол жерде бұл бірінші рет болғандықтан және бала мектептің де, қаланың да есебінде тұрмағандықтан кешірім берілгені жазылған. Баланың ата-анасы да ешқандай көмек көрсетпеді. Мен хабарлама қағазды алғаннан кейін олар мені "бұғаттап" тастады", - дейді зардап шеккен баланың анасы.  

Ол прокуратураға да арызданған, бірақ олар әйелді қайтадан полицияға жіберген. 

"Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша іс қозғалып, жабылды. Себебі бала 14-ке толмаған және қылмыстық жауапкершілікке тартыла алмайды екен. Сараптама, тергеу жүргізілмеді. Іс сотқа да жіберілмеді", - дейді Дина Таңсәрі. 

Жамбыл облыстық полициясының баспасөз қызметі оқиға 27 қаңтарда сағат 19:00-де болғанын хабарлады. Баланың анасы 14 ақпанда полицияға 13 жастағы бала 14 жастағы ұлын жарақаттағаны туралы арызданған.

"Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру") бойынша сотплды тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, алайда ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес, 16 жасқа толмаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды", - деді полициядағылар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!