"Әлемді мойындатуының сыры неде?" Психолог Димаш Құдайбергеннің мінезіне психологиялық талдау жасады

Психолог Айнұр Алдаш танымал әнші Димаш Құдайбергеннің мінезіне психологиялық талдау жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. 

"Reels қарап отырып, Димаштың тәрбиесіне, кішіпейілдігіне, басқаларға құрметіне тәнті болатын видеоларды жиі кездестіремін. Осы тұлға жайлы айтып бергім келіп жүр", - дейді ол. 

"Ең басынан бастайықшы, жас, талантты бала еліміздегі түрлі жобаға да қатысты, бірақ қазылардан тек нашар баға алатын. Мына жағдайда 17 жастағы Димашты "шәңкілдедің, сахнаның мәдениетін білмейсің, стилің жоқ, вкусың жоқ" деп сынға алып тастайды", - дейді психолог. 

@pavlodark #димаш #талант #казахстан #павлодар #talant ♬ оригинальный звук - PavloDark

Психологтың айтуынша, 2011 жылы Димаштың сахна тұрысына сын айтылса, 2017 жылы ол мүлде өзгерген. 

"А нүктесі. 2011 жылы намысына тиетіндей сын естісе де сағы сынбады. Б нүктесі. 2017 жылы әлемге әйгілі әнші болса да, микрофонның бағытына назар аударыңыз. Бірақ біз бүгін Димаштың биографиясын қозғамаймыз, оның феноменіне психологиялық шолу жасаймыз. Өзінен үлкен аға-әпкелерінің әншілікті жалғастырып жетістікке жетуінің, әлемді мойындата алуының сыры неде деп ойлайсыздар" - деп сұрақ қойды психолог оқырмандарына. 

Айнұр Алдаш оқырмандарының бірі бұл сұраққа "Өзіндік құндылық" деп жауап берген. 

"Иә, дәл солай. Бірақ кейде өзіңе баға беру туралы айтсам, мынадай кішіпейілділікті құнсыз ететінімізді байқаймын. Бәрінен бұрын өзіңді ойла деуге итермелейтіндей көрінемін. Өзін-өзі бағалаудың адекват деңгейі - адамдарды сыйлай білу, қабылдау, қарапайымдылық, басқалармен жақсы қарым-қатынасқа түсе білу. Бұл басқаларға құрметпен қарап, иіле тұра өз шекараңды қорғай білу. Міне, осыған көбіне жете алмай жатамыз", - деп жауап берді ол. 

Айнұр Алдаш оның Қытайдағы I'm singer байқауындағы әрекеттеріне де талдау жасаған. 

"Мына видеоны дауысымен назар салып, қараңыз. I'm singer, 1-турдан үзінді, ешкім Димаштың жеңімпаз болатынын білмейді. Кішіпейіл, құрмет пен ізетті жақсы сіңірген, бірақ өз шекарасын қоя біледі. Орындайтын әнін өз қалауынша орындағысы келетінін, әннің характері жоғалып кеткенін айтып жатыр. Димаш дегенінде тұрды, айтқанын жасатты, ойында нық тұра алады. Өзіне өте сенімді. Қытайлықтарды осы шекара сақтай алып, кішіпейіл болуының арқасында мойындатты", - дейді психолог. 

Маманның айтуынша, баланы тек мақтамау керек, оған дұрыс сөз айта білу маңызды. 

"Оның іргетасын қалыптастыруда әке-шешесінің рөлі маңызды. Көп ата-ана баламды мақтай берсем, оның өзін-өзі бағалауы жоғары болады. Бірақ балаға "сен құндысың, маңыздысың, сенің қасыңда жайлы сезінемін, сені құшақтаған ұнайды" деп айту керек", - дейді ол.

Бұған қоса, психолог Димаштың әкесі Қанат Айтбаевтың да сұхбатынан үзінді келтіреді. Оның айтуынша, әкесінің сөзінен үйіндегі тәрбиені білуге болады. 

"Енді әкесінің берген сұхбатындағы мына сөздерге мән беріңіз. Үйде үлкенге құрмет, кішіге ізет бар. Баладан үйренетін нәрсе бар, өскелең ұрпақты "бұлардың заманы біртүрлі" деп емес, "ақыл жастан" деп қарайды", - дейді ол. 

Айнұр Алдаш Димаштың бала кезіндегі видеосын көрсетіп, оған бала кезден сіңірген сөзге мән береді.

"Димако бойы ұзын, жауырыны кең жігіт болайын деп тұр екен ғой. Айдай сұлу аппақ, күндей сұлу көркем, көзі үлкен, қыр мұрынды жігіт болады. Шынында, әлемге әйгілі Айдай болды емес пе?! Осы видеоны көрген сайын толқимын. Жақындары психологиялық әдістемелерді басынан-ақ білген", - дейді психолог. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!