"Aқшаға құнықпаған". Танымал виолончельші музыканттардың жалақысы қанша екенін айтты

Танымал әнші Өктем Алтаевтың ұлы, виолончельші Бағжан Октябрь алғаш рет сұхбат беріп, Қазақстандағы музыканттардың жалақысы қанша екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Unknownkazak YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

"Мен магистратурада оқып жүріп, Алматыдағы Ішекті аспаптар ансамблінде жұмыс істеп жүрдім. Бұл - Қазақстандағы ең мықты оркестрлердің бірі. Алғашқы 3 айда жалақым 60-70 мың болды. Кейін 2 жыл 120 мың алып жүрдім. Студент Бағжан үшін, Бағжан Октябрь ретінде танылғанға дейін, сол оркестрде жұмыс істеу ең биік шың болатын. Оған дейін Астанадағы оркестрде 2-4 курс аралығында жұмыс істедім. Студент болып істеген соң 36 мың 800 теңге, яғни жалақының жартысы төленетін", - дейді ол. 

Өнер иесі музыканттар қай жерде ең көп жалақы алатынын айтты.

"Қазақстан бойынша мемлекеттік мекеме болса, қазір жалақы 100-150 мың теңге. Өңірлерде де сондай болуы мүмкін. Жалақыны жақсы төлейтін жер - "Астана опера", өйткені оның демеушілері бар. Оның шығыны да көп негізі, сахнаны әрлеу, костюмге Yves Saint Laurent-нен тапсырыс береді. Ол жақтағы жалақы - 350 мың теңге. Қазақстанда музыканттар бір жерде ғана жұмыс істемейді, олар таңда мұғалім болып істесе, кешке оркестрде ойнайды. Оркестрдегілерге қарағанда педагогтер жақсы табады. Сонда ай аяғында шамамен 400 мыңдай шығуы керек", - дейді музыкант.

Бағжан Октябрьдің айтуынша, қазақстандық музыканттар ақшаны ойламайды, оларға музыка жоғары тұрады. 

"Бізде музыканттар ақшаға құнықпаған. Оларға ақша тапқаннан ойнаған ұнайды. Олар миллион табуға ұмтылмайды. Одан асып түсе алмайды, баратын жері жоқ", - дейді ол. 

Айта кетейік, Бағжан октябрь - clvdeex лақапатымен танымал қазақстандық виолончельші, "Терапия души" концертінің авторы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!