Ер адамдар сұлулық салонында тырнағын қанша теңгеге боятып жүр?

Ай сайын сән салонына барып, кемінде бір процедура жасау әйел адамдарда дәстүрге айналып бара жатқандай. Бүгінде сұлулық салоны бизнесі шарықтап тұр. Себебі сұлулық салонына бір кірген адам кемінде 5 мың теңге тастап кетеді. Ер адамдар айына сұлулық салонына қанша жұмсауы мүмкін? Massaget.kz тілшісі нарықтағы орташа бағалармен санап көрді. 

Шаш күтімі

Бүгінде ер адамдарға арналған барбершоптардың дәурені жүріп тұр. Әлеуметтік желідегі барбершоп парақшаларындағы бағаларды салыстырдық. Ер адамдардың шаш алдыруы кемінде 5000 теңге екен. 

Фото: pixabay.com

SPA процедуралар

Бірақ барбершопта ер адамдар шашын алдырып қана қоймай, "комплекс" деп аталатын процедураларды да жасай алады. Оның ішіне, шаш кесу + SPA, шаш кесу + сақалға арналған күтім кіреді. Оның бәрі клиенттің қалауы мен таңдауына байланысты. Ал бағасы 5000 мен 11 500 аралығында. 

Одан бөлек, 25 - 40 мың аралығындағы SPA процедураларды да жасатуға болады. 

Бет күтімі

Кейбір салондарда ер адамдар бетіне де күтім жасай алады. Мысалы бетке скраб, артынша маска жасатуға болады. Оның бағасы 1000-3000 теңге аралығында. Бұл ең арзаны. 

Арнайы ер адамдар үшін косметология залы ашылған сұлулық салондары бар. Мысалы Алматыдағы салондардың біріндегі бағаларға көз жүгіртсек, ер адамдарға 5 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін косметологиялық процедуралар жасатуға болады екен.  

Тырнақ күтімі

Сұлулық салондарында ер адамдар маникюр және педикюр де жасай алады. Оны әйелдерге арналған сұлулық салонында да жасатуға болады. Тек маникюр жасау, яғни тырнақты тазалату 7500 бен 9500 аралығында. Ал ер адам тырнағын боятқысы келсе 9500 бен 11 500 аралығында ақша жұмсауға дайын болуы керек. 

Фото: max4u.ru

Бүгінде сұлулық салондарында ер адамдар аяғына педикюр де жасата алады. Оның бағасы 8500 бен 12 500 аралығында. 

Сонымен қатар, сұлулық салондарында ер адамдар эпиляция жасату мүмкіндігі бар. Бүгінде лазерлік эпиляция жасау түрі жиі кездеседі. Ал салондарда оны 15 мың теңге мен 36 мың теңге аралығында жасатуға болады. Ол ер адамның қай жеріне лазерлі эпиляция жасағысы келетініне байланысты. 

Қорыта айтқанда, егер жоғарыда атап өткен процедураларды ер адамдар айына бір рет жасаса 93 мыңдай жұмсайды екен. Бұл жоғарыда көрсетілген бағаларды орташа есептегенде шыққан сома. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!