"Үйден кетіңдер" деп қуатын". Түркістан облысында ер адам 20 жыл отасқан әйелінен күдіктенді

"Үйден кетіңдер" деп қуатын". Түркістан облысында ер адам 20 жыл отасқан әйелінен күдіктенді
Фото: elements.envato.com

Түркістан облысының тұрғыны Абдулуайт Пардемұратұлы 20 жыл бойы бірге тұрған жұбайынан және кейінгі екі баласынан күдіктеніп отыр. Бұл мәселе "Астарлы ақиқат" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абдулуайт Пардемұратұлының сөзінше, құжат бойынша бес баланың әкесі. Бірақ кейінгі екеуіне күдіктеніп отырғанын, олардың әкесі емес болуы мүмкін екенін айтады. Олар - 2009 жылы дүниеге келген 14 жастағы Злиха атты қыз және 2020 жылғы Дінмұхаммед есімді бала. Жетісай тұрғыны 14 жылдан кейін балаларға күдіктенген.

"Алматыда жүрген кезімде "Түркістандамын" деді. "Түркістаннан не қарайсың" дедім. "Белім ауырып жатыр, құдамызға оқытуға, қаратуға келдім" деді. 2008 жылы Алматыда істеп жүрген кезімде Түркістанға барып емделемін деді", - дейді ол әйелінің істеріне күмәнданып.

Бұл жанжал 2021 жылдың аяғында басталған.

"Тапқанымды далаға шашып, өзі қыдырды", - дейді Абдулуайт Пардемұратұлы.

Сондай-ақ, оның сөзінше, әйелімен бөлек кеткеннен кейін полицейлермен бірнеше рет үйіне келген. Абдулуайт Пардемұратұлының жұбайы Қайырныса 1981 жылғы, 42 жаста. Олардың арасы - 10 жас.

"Басынан осындай күмән болды. Ұратын. Сүйреп көшеге шығаратын. Қайын атамның үйінде тұрған кезде де осындай болатын. Терезеден кіретінмін. Одан кейін пәтерде тұрдым. Онда да ұрып-ұрып кетіп қалатын. Бір-екі жыл жоқ болып кететін", - дейді Қайырныса.

Ал Абдулуайт Пардемұратұлының сөзінше, 3 ай көлемінде ғана жұмыс сапарымен кететін болған.

"Күдігімді ішіме жұттым. Бақсам, жетім бағармын дедім. Сонда да қызымның (өзі әкесі екеніне күмәнданып отырған қыздың - еск.) қолынан шерткен емеспін", - деді ол.

Ал оның әйелі мұның бәрі жала екенін жеткізіп отыр.

"100 пайыз, соның балалары. Үйге кіргізбей қойды. Тастап кетеді. Алимент жөнінде 2 миллион қарызы бар", - дейді әйел.

Ал әйелдің қайын атасы баласының жағдайына күйінетінін мәлімдеді.

"Келінім бөлек тұрамын" деді. Бөлек қылдым. "Үй салып бер" деді. Үй салып бердім. "Жарасып жүрсеңдер болды" дедім. Балам қор болып кетті", - Абдулуайттың әкесі Пәрдемұрат Қаташұлы.

14 жастағы Злиха әкесінің күдігін білетінін айтты.

"Осыдан 3-4 жыл бұрын әкем ұрыс шығарды. "Үйден кетіңдер" деп қуатын. Кейде анамды ұратын. "Менің қызым емессің" дейтін. "Үйден шығыңдар" деп қуатын. Маған да қол көтерген кездері болды. Нағашы атамның үйіне баратынбыз. Әр жерде тұрып, шаршадық", - дейді Злиха.

Бағдарлама барысында ДНҚ сынамасы жасалған. Осылайша, Абдулуайт Пардемұратұлы балалардың әкесі екені 99,98 пайыз және 99,96 пайыз болып дәлелденген. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова