Қазақстанда 11 жастан асқан 100 мың қызға папиллома вирусына қарсы екпе салынады

Елімізде 11 жастан асқан 100 мың жасөспірім қызға папиллома вирусына қарсы екпе салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Вакцина кәмелетке  толмаған баланың ата-анасының немесе қамқоршысының келісімі керек. Дәрігер де алдын ала рұқсат беруге тиіс.

"Бірінші кезеңде 100 мың жеткіншекті егеміз. Оған бюджет қарастырып, екпе сатып алу қажет. Биылдан бастап жатыр мойыны обырының алдын алу туралы түсіндіруді кеңінен жүргіземіз. Басқа мемлекеттердегі нәтижелі тәжірибелерді алға тартамыз. Бұл вакцинаны 140 ел қолданады", - дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, қазір дүниежүзінің 140 мемлекеті папиллома вирусына қарсы екпенің арқасында жатыр мойны обырын 60 пайызға азайтқан. Сол себепті ведомство басшысы "халық емінен гөрі ғылыми дәлелденген медицинаға сүйенейік" дейді. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцина 2024-2025 жылдары ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілетінін хабарлаған едік.

Бұл туралы "Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы" қаулысында айтылған.

Жоспарға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі 2024-2025 жылдары 11 жастағы жасөспірім қыздарды адам папиллома вирусына қарсы егуді жоспарлап отыр. 

Қазақстандағы адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияның бұған дейінгі тәжірибесі сәтсіз аяқталған еді. 2013 жылы пилоттық жоба басталып, Атырау, Павлодар облысы, Астана және Алматыдағы 12-14 жастағы қыздарға екпе салынған. Алайда мектептегі екі оқушы қыздың есінен талып құлауы үлкен резонанс туғызған. Осыдан кейін жоба тоқтап қалған еді. Кейін қыздардың денсаулығындағы кінәрат вакцинаға мүлдем қатысы жоқ екені анықталды.

Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Ал Қазақстанда 2013 жылдан 2021 жылдар аралығында Қазақстанда жатыр мойны ісігінен 4 359 әйел қайтыс болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!