Астанадағы LRT жыры: құрылыс қашан аяқталады?

Astana LRT құрылысына қатысты мәселе соңғы кездері жиі-жиі көтеріліп жүр. 2019 жылы сәуірде тоқтаған нысанның қадалары Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қойылған ескерткіш сияқты тұрғанына төрт жылға тақап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2020 жылдың қаңтарында LRT құрылысына қатысты істі тергеу шаралары аяқталған. Сол жылы қазанда "Астана LRT" компаниясы бойынша іс сот қарауына жолданды. Ал былтыр 13 тамызда Астана қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС Басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғаны туралы хабарлады. Бірақ, аталған екі күдікті қазіргі уақытта қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүр.

Осындай оқиғалармен басталған Astana LRT ісі соңғы айларда қайта-қайта көтеріліп жатыр. Өйткені, қаңтардың соңында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болатынын ескертті.

"Мен қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бердім. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті. LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ", - деген-ді Президент.

Содан соң осы айдың басында Жеңіс Қасымбектің жерүсті метрополитенінің құрылысы былтыр қайта жандана бастағанын айтып қалғаны бар. Оның сөзінше, қалған барлық шаруа келер жылдың соңында аяқталады. Демек, 20024 жылдың соңында көп күттірген LRT-ға мінеміз.

"былтыр Үкімет алғашқы қаржыны берді. Биыл бұл нысан құрылысы белсенді жүреді. Қазір жұмысты пысықтап, техника бойынша, осы LRT-да жұмыс істейтін пойыздар бойынша аванстық төлемдер жүріп жатыр. Жоба 2023-2024 жыл ішінде жүзеге асырылып, келесі жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс деп жоспарланған", - деді шаһар басшысы.

Журналистер LRT-ға қатысты сауалды бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа да қойды. Ол биыл Astana LRT жобасына бөлінетін қаражаттың бір бөлігі вагон сатып алуға жұмсалатынын мәлімдеді.

"Astana LRT құрылысы аяғына жетеді. Қажетті қаражат та қарастырылған. Қателеспесем, биыл біз жоба операторы ретінде 50 млрд теңге бөлеміз. Бұл мәселені әкімдікпен бірге талқыладық. Бірінші кезекте құрылыс әуежай жағынан басталады. Бүгін таңертең республикалық бюджет комиссиясының отырысы болды. Сонда тиісті қаржыны бөлу мәселесін қарастырдық. Қаражаттың бір бөлігі вагон сатып алу операциясына аванс төлеуге жұмсалады", - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, сәуір айының басында тиісті қаражат әкімдікке аударылатын көрінеді.

"Қаражат бөлу мәселесі бүгін ғана республикалық бюджет комиссиясында қаралды. Одан кейін Парламентте қаралып, содан кейін қол қойылады. Менің пайымымша, сәуір айының басында қаржыны әкімдікке береміз", - деді Қарабаев.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!