7 миллионға дейін. Той жасау үшін тек мейрамханаға қанша шығын кетеді?

Қуанышын жақын адамдарымен, туған туыс, таныстарымен бөліскісі келетін қазақ үшін той қашан да қазына. Алайда қазір той жасау - үлкен шығын. Дегенмен әрбір ата-ана баласының өміріндегі маңызды сәтті барынша әдемі, есте қаларлықтай өткізуге тырысады. Бұл ойын қазақ "шашылсаң тойға шашыл" деп пайымдайды. Бүгінде бұрынғыдай көл көсір дастархан жасап, есепсіз қонақ шақырудың шегі қаржы мәселесіне тіреледі. Өйткені мейрамханалардың бағасы қонақ санына байланысты есептеледі. Massaget.kz тілшісі мейрамханалардағы орташа баға қанша болатынына шолу жасады.

Қазыбек би көшесінде орналасқан Gulvar Banquet Hall мейрамханасында үш түрлі баға ұсынылған екен. Алғашқысы - Standard. Бұл пакет бойынша адам басына 25 мың теңгеден есептеледі. Оған қоса тойға қажет музыкалық құралдар, лэд экрандар құны 500 мың теңге болады. Ал залды әрлеу құны 280 мың теңге болды. Ал Platinum пакетінде адам басына 29 мың теңге болса, Ал Diamond пакеті 35 мың теңге тұрады. 

© pexels.com

Танымал "Қазақстан" қонақүйінің астында орналасқан Park Hall мейрамханасында бір адамға баға - 16 800 теңге. Бұл ақшаға қосымша құралдардың бағасы кірмейді. Мәселен, Led экран 90 мың теңге, музыкалық құрылғылар 70 мың теңге, жарықпен әрлейтін музыка 80 мың теңге, залды әрлеу 80 мың теңге болады.

Park Hall

Алматының Бостандық ауданында орналасқан Banquet Hall Romano мейрамханасында да түрлі пакеттер ұсынылады. Олардың құны адам басына мынадай: 26 мың теңге, 20 мың теңге, 16 мың теңге, 13 мың теңге.

© pexels.com

Гагарин даңғылында орналасқан Molte Denaro мейрамханасы 350 қонаққа дейін қабылдай алады. Мұнда да әртүрлі баға ұсынылған. Яғни адам басына 20 мың теңгеден басталып, 25 мың, 35 мың теңгеге дейін жетеді. Алайда бұл мейрамханада аппараттардың жалпы жиынтығы 300 мың теңгеге қосымша төленеді. Сонымен қатар, қызмет көрсету құнына 10 пайыз көлемінде алынады.

© pexels.com

Мақатаев пен Қожамқұлов көшелері қиылысында орналасқан "Атамекен" мейрамханасында баға адам басына 8500 теңгеден басталып, 9500, 10500, 13500 теңгеге дейін жетеді. Оған қоса 10 пайыз қызмет көрсету құны қосылады. Ал мейрамхана қызметкері қосымша жеңілдік болатынын айтты. 

© pexels.com

Ал Жетісу шағынауданында орналасқан "Көркем" мейрамханасы 220 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда бір адамға баға 12 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ, 14 мың, 15 мың, 17 мың теңгеге де бар. Ал Led экран 20 мың теңге болса, музыкалық құралдарды жалдау құны 40 мың теңге мен 80 мың теңге аралығында болады екен.

Мейрамханалардың бірінің өкілінің айтуынша, баға әртүрлі болуы мәзірге байланысты екен. Сондай-ақ, той иелері кейбір тағам түрлерін өздері алып келіп жататын жағдайлар да болады екен. Сондықтан баға да өзгереді.

Тойға шамамен 200 қонақ келеді деп есептек, ең арзан пакетпен (бір адамға 8500 теңге - еск.) мейрамханаға 1 миллион 700 мың төңірегінде кетеді. Ал ең қымбат пакетпен (бір адамға 35 мың теңге - еск.) есептесек, 7 миллион теңге шамасында болады. Дегенмен бұл ақшаға музыкалық құралдар секілді қосымша шығын кірмейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!