Павлодарда трамвай рельстен шығып кетті

Павлодарда трамвай рельстен шығып кетіп, бағдаршамды бұзды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлер оқиға орнын видеоға түсірген. Оқиға 25 ақпанда таңертең болған. Кадрлардан трамвайдың рельстен шығып кетіп, бағдаршамды бұзғанын көруге болады.

Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, қазір оқиға орнында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

"Сағат 12.20-да Олжабай батыр-Торайғыров көшелерінің қиылысында 95-вагон рельстен шығып кетті. 10 минут бос тұрып қалған. Қазір көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Оқиғаның себебі анықталып жатыр", - деді Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, зардап шеккендер жоқ.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері бұл дерек бойынша шақырту болмағанын хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!