Астанада Бейбарыс Сұлтанның атына көше берілді

Астанада Бейбарыс Сұлтанның атына көше берілді
Фото: видео скрині

Астанадағы №189 көше енді Бейбарыс Сұлтанның атымен аталады. Бұл – "Көктал" шағынауданындағы үлкен көше, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Хабар 24" телеарнасының хабаралуынша, көше алты жолақты. Әзірше ұзындығы 2 шақырымнан асады.

"Бұл көше болашақта шаһардағы халық ең көп қатынайтын ірі жолдардың біріне айналады деп біз жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл көшенің жалғасы қаланың сыртына қарай кетеді, яғни үлкен көпқабатты үйлер, осы Көктал паркін көріп тұрсыздар. Әртүрлі әлеуметтік нысан бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты біздің Бейбарыс Сұлтан бабамыздың есіміне ең лайықты көшелердің бірі ғой деп біз осыны таңдап, комиссиямен шештік", - дейді Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Тарихшы Бүркітбай Аяғанның сөзінше, Бейбарыс сұлтан Қыпшақ даласынан шыққан. Ол туралы араб, парсы ғалымдары жазған.

"ХІІІ ғасырда Қыпшақ даласында тұтқынға түседі. Содан Мысырға кетеді. Содан сол жақта гвардияны басқарады. Кейін саяси өмірге қатысады, ол әрі қолбасшы әрі ел билеуші болған адам", - дейді тарихшы.

Бейбарыс Сұлтанның туғанына биыл 800 жыл. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты тұлғаның мерейтойына орай біраз шара ұйымдастырылады. Көшеге атын беру – соның басы.

"Бүгіннен бастап осы жылдың аяғына дейін ел көлемінде 600-ден астам нақты шаралар өтеді. Әрине, ғылыми практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер болады. Бұл енді тек ел көлемінде емес, халықаралық деңгейде де нақты шараларымыз өтеді", - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан