Каспий теңізі мәселесі және оны шешу жолы қандай?

Бүгінде Каспий теңізінің саяздану проблемасы - Қазақстандағы өзекті проблемалардың бірі. Бұл мәселені жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев жиі көтеріп тұрады. Каспий теңізінің саяздануы - билік назарынан тыс қалған емес. Massaget.kz тілшісі экологиялы мәселеге шолу жасады. 

Теңіздің саяздануы - қоғам белсенділерінің назарында

22 қаңтарда ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Каспий теңізінің 2,5 жыл бойы қалай өзгергенін көрсеткен болатын. 

"Бір кездері бұл жерде нағыз теңіз порты салынуы жоспарланған, тіпті инфрақұрылымға қажет заттар әкелінген еді. Бірақ жоба іске аспады. Бүгінде Каспий теңізінің саяздануын көріп, бір шеті ақша құймаған инвестор үшін қуанасың", - дейді блогер. 

Каспий теңізінің тартылуы өзекті мәселенің бірі екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын.

"Теңіз деңгейі 2005 жылдан бері бір метрден аса төмендеп кеткеніне бәріміз куәміз. Судың тартылу себебі мен оның салдарын жан-жақты зерттеу керек. Осы орайда, Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін", - деді Президент облыс жұртшылығымен кездесуде. 

Экология министрлігі не дейді? 

11 қаңтарда экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізінің тартылу мәселесіне қатысты жауап берген болатын.  

"Каспий теңізінің факторлары күрделі деп айтуға болады. Ең бірінші себеп - климаттың өзгеруі. Климаттың өзгеруі гидрологиялық және метеорологиялық жағдайларға тікелей әсер етеді. Біз Каспий теңізі мен Жайық өзенінің мәселесіне кешенді түрде қарауымыз керек. Екінші жағынан, Жайық өзенінің суы басқа көрші елдерден келеді. Қазіргі уақытта оның ағымы реттеледі деп саналады.

Бұл мәселеге байланысты Ресей Федерациясымен шекара келіссөздерін жүргізу өте маңызды. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша екі комиссия құрылды", - деп түсіндірді жаңадан сайланған министр. 

Сүлейменованың айтуынша, олардың бірі Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келіссөздер жүргізеді, ал екіншісі Ресеймен су тарату мәселесін қарастырады. Экология министрі Каспий теңізінің саяздануы мәселесін бақылауына алуға уәде берді. 

"Әрине, Каспий мәселесі өзекті. Өткен жылы мен Жайық өзенімен, Каспий жағалауында жүрдім. Әлбетте, жағдай ауыр, тіпті жүйесі де күрделі. Сондықтан біз экология министрлігі ретінде осы бағытта кешенді жұмыс жүргізуіміз керек. Осыған байланысты биыл біз Жайық өзенінің жалпы экологиялық жағдайы бойынша тиісті зерттеулер жүргіземіз" - деп түсіндірді министр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!