БҚО-дағы тікұшақ апаты бойынша тергеу басталды

Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апаты бойынша тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі 23 ақпанда болған оқиға Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелгенін хабарлады.

"Қазіргі уақытта ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен осы іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Чапурино елді мекенінен 6 шақырым қашықтықта "ҚазТрансОйл" АҚ тапсырысы бойынша құбырды тексеру бойынша ұшқан "Қазавиақұтқару"АҚ 2022 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы қатты екпінмен келіп қонды

Салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Қаза тапқандардың Төтенше жағдайлар министрілігінің қызметкерлері екені белгілі болды. Мұны ведомствоның ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!