"Масқара ғой". Ауыл тұрғындары қар суын ерітіп ішуге мәжбүр

Ақтөбенің іргесіндегі Шилісай ауылы тұрғындары жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейінгі күндері Ақтөбеде ауа райы құбылып тұр. Үш-төрт күнде толассыз қар жауып, соңы боранға ұласқан. Ал қала іргесіндегі Шилісай ауылының тұрғындары жолды қар басып, сыртқа шыға алмай отырғанын айтады. Ауыл тұрғынының бірі осы мәселені Instagram-дағы парақшалардың бірінде көтерген.

Онда тұрғындардың қар аршитын мердігер мекеменің жұмысына көңілі толмайтыны айтылған. Арнайы техника да жоқ екен. Тұрғындар су алу үшін 1-2 шақырым жердегі құбырға бара алмай, қарды ерітуге мәжбүр.

Тіпті кейбір ауыл тұрғындары еріген қар суын тамақ пісіруге де пайдаланып жүр екен. Аршылмаған жолдан жедел жәрдем, өртсөндіру қызметі көліктері де жүре алмай тұр. Тұрғындар тіпті азық-түлік алуға да шыға алмай отырғанын айтқан. Сондай-ақ, Желіде тұрғындардың бірі әйелін ауруханаға апару үшін жолды тазалап жатқанын жазған.

"Қарға батып тұрмыз. Тіпті тазартпаған. Жедел жәрдем көлігі де келмейді. Ауруханаға да бара алмаймыз. Масқара ғой", - дейді видеодағы әйел.

Тұрғындар жергілікті биліктің осы мәселеге назар аударуын сұрап отар. Бұл мәселе бойынша Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарластық. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменованың айтуынша, қазір Шилісайда мердігер мекемелер жолды қардан тазартып жатыр.

"Бұл аумақта қар аршу жұмыстары тоқтаған жоқ. Бірақ үсті-үстіне бораған қар жұмысты тез атқаруға мүмкіндік бермей жатыр. Мердігер мекеменің екі техникасы жүр. Олармен байланысып отырмыз. Бораннан ештеңе көрінбейтінін айтып жатыр. Соған қарамастан жолды тазарту тоқтаған жоқ. Қазір біраз жерді тазартып тастады", - деді ол.

Ақтөбеде боран салдарынан облыстық, республикалық маңызы бар жолдар жабық. Қазір тіпті қаланың ішінде де қар борап тұр. 

К.Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!