"Бала сыймайды": Алматы облысында оқушылар дәретхана маңында, дәлізде оқып жүр

Алматы облысы Шонжы ауылының бастауыш сынып оқушыларына қазақ, орыс, ағылшын тілдері мектеп дәлізінде оқытылады. Бұл - Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылы №1 мектеп-лицейіндегі жағдай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

700 балаға лайықталып салынған мектепте қазір 2100-ден аса оқушы білім алады. Бала саны көп болғандықтан, мектеп үш ауысымда жұмыс істейді.

Оқушылар дәретхана мен қолжуғыш маңында білім алуға мәжбүр.

"Бала көп. Әр пәнді өткізу үшін сыныптағы оқушыларды бөлеміз. Дәлізде тек тілдерді оқытамыз. Қалған математика, физика сынды пәндер арнайы сыныптарда өткізіледі. Бала сыймайды. Жеті жүз бала түстен кейін білім алады", - дейді мектеп директоры Мұхамеджан Исмаилов.

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті. Дегенмен бала саны әлдеқайда көп өзге мектептерде бастауыш сынып оқушыларын сыныпқа сыйғызбай, дәретхана маңына отырғызып, сабақ оқытқан бір де бір мектеп жоқ.

Ұйғыр аудандық білім бөлімі мәліметінше, қазір Шонжыда 1500 орындық жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылысы биыл аяқталған соң ауылдағы үш ауысымды мектеп проблемасы шешіледі екен. Ал оған дейін оқушылардың мектеп дәлізіндегі сабағы жалғаса беретін секілді.

                            Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!