Алматыдағы тұмша мәселесі қалай шешілмек?

Сарапшылар Алматы тұмшадан көз аша алмай отырғанын айтып дабыл қағып жатыр. Таудан алақандай көрінетін Алматыны қара қабат жауып тұрғанын көруге болады. Қаладағы тұмша мәселесі қалай шешіледі? Massaget.kz тілшісі анықтады. 

"Катастрофа. Алматыда тәулік бойы дем алу қауіпті. (...) Не дегенмен де ауаның ластануы - сіздерді өлтіретін нәрсе. Күн сайын. Тәулік бойы. Дәл қазір. Сізді және балаларыңызды өлтіреді", - дейді Алматы мен өзге қалалардағы ауа сапасын жариялап отыратын Павел Александров.  

Тұмша қайдан пайда болады? 

Қала басшысы Ерболат Досаевтың сөзінше, Алматыдағы тұмша автокөлік шығарындылары, жылу энергетикалық орталықтары (ЖЭО-2,3), газға қосылмаған үйлер, Алматы және Алматы облысы агломерациясының саяжайлары, өндірістік кәсіпорындар салдарынан пайда болады. 

"Тығыз салынып жатқан құрылыс салдарынан да қалада желдету төмен болады, ол өз кезегінде ауаның ластану деңгейіне әсер етеді", - деген болатын әкім былтыр қыркүйекте халықпен кездесуде. 


REUTERS

Биліктің реакциясы қандай?

Үйлердің тығыз салынуы мәселесін Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасалған сапарында қозғаған болатын. 

"Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе - үйлердің тығыз салынуы. Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс", - деді Тоқаев. 


Tengrinews.kz 

Президент қаладағы экология мәселе өзекті екенін тағы бір атап өтті. 

"Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын", - деді Президент.
 

Алматыдағы ауа ластануы мәселесі қалай шешіледі? 

Қала басшысы Ерболат Досаевтың сөзінше: 

- 2025 жылға дейін шығарындылар деңгейі төмен аймақтарға кіруді шектеу үшін автокөліктің экомаркировкасын енгізеді;

- 2025 жылға дейін 1200 дизельді автобус газға және электр тартқышқа ауыстырылады;

- Батыс бағытта үш жаңа метро станциясын салу және Төле Би көшесі бойынша 2027 жылға дейін жедел трамвайдың бірінші желісін іске қосу жоспарланған;

- Сығымдалған табиғи газбен жүретін автобустар үшін жаңа инфрақұрылым салу жоспарланып жатыр, ал 2030 жылға қарай қалада электр автобустарына арналған 3 жаңа заманауи депо пайда болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!