"Қызмет бағасын негізсіз өсіру": Емдеу мекемелері 100 мыңнан астам медициналық қызметті талапқа сай атқармаған

Медициналық сақтандыру қоры өткен жылдың 11 айында емдеу мекемелерінің 100 мыңнан астам қызметті түрлі кемшіліктермен көрсеткенін анықтады. МСҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев осының нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 1 млрд теңге айыппұл салынғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген.

"Емханалар көрсеткен қызметтен 93 мың кемшілік анықталып, 117 млн теңге қайтарып алынды. Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 8 мыңға жуық қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар аталған кемшіліктер үшін 800 млн теңге айыппұл төледі", – деді спикер.

Сондай-ақ, "көрсетілді" деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар. Осындай 300-ден астам жағдай үшін 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.