Кейінгі кездері жиілеген жер сілкіністері бір-бірімен байланысты ма?

Түркия мен Сирияда 6 ақпанда жойқын жер сілкінісі болып, екі елді есеңгіретіп тастады. Салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Бүгін Тәжікстанда да 7 балдық жер сілкінісі тіркелді. Әртүрлі елде болып жатқан жер сілкіністерінің арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін бе? Зілзалалар бір-біріне әсер ете ме? Massaget.kz тілшісі профессор, сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасып, осы сауалдарға жауап іздеді.

Маманның айтуынша, Тәжікстанда бүгін таңда болған жер сілкінісі айтарлықтай қауіпті емес. Өйткені оның ошағы басқа бір геодинамикалық аймақта және шамамен 700 шақырым жерде орналасқан.

"Мыңдаған шақырым қашықта түнде Тәжікстанда тіркелген жер сілкінісі ошағы Памир таулы аймағында орналасқан. Ол аймақта жер сілкінісі жиі болып тұрады. Бірақ тереңдігі қалған жерлерде, біздің жерде 20-30 шақырымға жетсе, ол жерде тіпті 300 шақырымға дейін барады. Тереңдеген сайын жер бетіне қаупі азаяды. Керісінше арақашықтық үлкейеді. Оның ошағы қанша шақырым екенін нақты ешкім айтқан жоқ. Бірақ ошақтары тереңде орналасқан. 300 шақырымға дейінгі сілкіністер көп аймақты қамтиды. Эпицентрі қашық болған сайын сілкініс әсері де азаяды. Дегенмен көп жерге таралады. Бірақ біздің ел үшін Памир таулы аймағында болған жер сілкіністері қаупі онша емес", - дейді маман.

Ал бүгін Жетісу облысы Алакөл көлі маңындағы жер сілкінісі табиғи жағдайдан болған екен.

"Алакөлдегі жағдайға байланысты сейсмикалық климат және сейсмикалық ауа райы деген нәрсе бар. Климат деген - жалпы аймақтың орташа сипаттамасы, ал ауа райы өзгеріп отырады. Түркиядағы апаттардан кейін халықтың құлағы елеңдеулі. Сондықтан әсері бар шығар деп ойлайды. Бұл - жалпы ортаның, аймақтың сипаттамасы. Ондайлар болып тұрады және де көктем кезінде статистикалық мәліметтер бойынша жер сілкінісінің саны азда болса, көбеюі ықтимал", - дейді профессор Әлқуат Нұрмағамбетов.

Сейсмологтың сөзінше, Түркия мен Сирияда және Тәжікстанда, Қазақстанның әр өңірінде тіркеліп жатқан жер сілкіністерінің бір-біріне әсері туралы нақты ешкім айта алмайды.

"Түркияда зілзала болған жердің геодинамикалық, тектоникалық құрылысы, жағдайы біздің елден ерекшелеу. Тікелей әсері бар деп ешкім нақты айта алмайды. Бірақ табиғаттағы құбылыстар бір-бірімен байланысты ғой. Әсері жоқ деп те айту қиын. Барлық жердің ішкі құрылысы тереңдеген сайын бір-біріне ұқсас болады. Табиғи құбылыстар кездейсоқ болмайды, олар бір-бірімен байланысты ғой. Нақты ешкім айта алмайды. Бірақ 3-4 мың шақырым жерде болған зілзаланың тікелей әсері жоқ. Ал жанама әсері барлық жерде болады. Өйткені құбылыстың бәрі табиғи. Жер - жұмыр дене, тірі организм. Жер демалып жатыр (жанартау атқылауы), өз осімен айналып жатыр, сілкініп жатыр. Адам да сол ғой. Адамның аяқ-қолын буып тастасаң қашанға дейін өмір сүреді? Жер де тірі организм", - деп түйіндеді маман.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Салдары Түркия мен көршілес Сирияның көптеген аймағына тиді. Бұл жағдай - 1939 жылдан бергі Түркия тарихындағы ең ірі табиғи апат. 84 жыл бұрын жер сілкінісі 7,8  балл болып тіркеліп, салдарынан 33 мыңға жуық адам қаза болған. Ал 6 ақпандағы табиғи апаттан екі елде 50 мыңнан асты.

Еске салайық, бұған дейін Тәжікстанда 7 балдық жер сілкінісі сезілгені хабарланған еді. Сондай-ақ, Алакөл маңында магнитудасы 4,1 балл болатын жерасты дүмпулері Астана уақыты бойынша сағат 08:01-де тіркелді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!