"Әкім қайда қарап отыр, білмеймін". Алматы облысында бір ауылды су басты

Күннің жылт етіп жылуымен бірге Алматы облысы ауылдарын су басты. Оқырмандар редакцияға жолдаған видеолардан қаншама жылдан бері қайталанып тұратын селден, жылғадан аққан судан әбден жалыққан тұрғындардың жағдайын көруге болады. Massaget.kz тілшісі ауыл тұрғындарымен сұхбаттасып, Алматы облысы әкімдігі өкілінің пікірін сұрады.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес.

"Қақпа арқылы су басып жатыр. Әкім қайда қарап отыр, білмеймін. Жақсы, жол жасамайды. Адамдар ақша жинап, жолды өз күштерімен істеп жатыр. Қараңыздаршы. Уәде береді, уәде береді. Бірақ ешкім айтқанын істемейді. Жұрт далаға шыға алмай отыр", - дейді видеодағы адам.

Ауыл тұрғындарының бірінің айтуынша, мұндай жағдай 3-4 жыл бұрын болған.

"Көшеміз Қапшағай болды. Үйімізді су алып кетті. Алдыңғы күні болды, кеше тіпті сұмдық болды. Таудан жіберіп жатыр, не екенін білмейміз. 3-4 жыл бұрын болған. Биыл қайталанып тұр. Қазір сағат 2 жарымда қайта басталады, сарқырап Қапшағай болады. Бүкіл көршім, оның жолдас балалары көмектесіп жатыр. Көршілерімнің үйін де су алды. Әкімдік "бізге бөлінген ақша жоқ" дейді. Кеше 10 қап қана құм әкелінді. Болды. Төбе жақтағы орындарға үй салып тастаған. Арықтың бәрін бекітіп тастаған. Әкім "менде жер жоқ, мен бергем жоқ" деп отыр. Әркім өз есік алдын байлап жатыр. Аяғымызда резеңке етік. Есік алдын, егінімнің орнын алып кетті", - деді Жұпар есімді Райымбек көшесінің тұрғыны.

Ал видеолардан көше бойымен аққан судан кішкентай балалардың да жолдан өте алмай тұрғанын көруге болады.

Сондай-ақ, көшелерде көліктердің де су кешіп жүргені көрінеді.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі қызыл суға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Қарасай ауданы Абай ауылында қызылсу жайылмауы үшін 2 жарым тонна инерт материал түсірілді. Төтенше жағдай департаментінің 4 адамы және техникасы жұмылдырылды. Кеше сағат 17.07-де хабарлама келді. Сағат 18.50-де жұмыстар аяқталды. Жедел мобильді штат құрылған. Көктемдегі қызыл судың алдын алу бойынша мобильді жасақтар жұмыс істеп жатыр. Олар бірінші кезекте техникаларымен жыра қазу, судың бетін қайтару жұмыстарын атқарып жатыр. Кейінгі 3-4 күнде ауа райы күрт құбылып кетті. Есесіне күн суыған кезде жерді тоң басып кетті. Осылайша, су жерге дұрыс сіңбей жатыр", - деп түсіндірді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.

Тұрғындар үйлеріне кіріп жатқан су нақты қайдан келіп жатқанын білмейтінін айтып отыр. Ал әкімдік мәліметінше, ауылдарды басып жатқан су қар суы екен.

"Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандары тау бөктерінде жатыр. Абай ауылы жотаның астында орналасқан. Сондықтан күн күрт жылынғанда жоталардан аққан су көшелермен кетіп жатыр. Қазір арықтар да тазаланып жатыр. Өкінішке қарай, қоқыстар арықтарды бітеп тастаған. Аулаларды аралап, арықтар тазаланып жатыр. Одан бөлек, кейбір тұрғындар есік алдын кеңейткісі келіп, арық аумағын алған, іргетас қойған. Ал су іргетасқа соғылып, әрі қарай ауласына кетіп жатыр. Түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Кейінгі ақпараттар бойынша үйдің ішіне су кіру, су басу деректері тіркелген жоқ. Әкімдіктер үлкен жұмыс атқарып жатыр", - дейді әкімдік өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!