"Телефон ұстауға болмайды". Оралда өзін педагог деп таныстырған әйел оқушыны алдаған

Оралда өзін педагог деп таныстырған әйел мектеп оқушысын алдаған. Оқиға қаладағы мектептің бірінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 26 жастағы әйел адам мектептің артқы есігінен емін-еркін кірген. Ол дәлізде өтіп бара жатқан 4-сынып оқушысын тоқтатып, өзін педагог деп таныстырған.

Ол оқушыға мектепте комиссия мүшелері жүргенін, дәлізде ұялы телефон ұстауға болмайтынын, кейін қайтарылатынын айтып өзіне алған. 10 жастағы мектеп оқушысы оның сөзіне сеніп, ұялы телефонын берген. Жасөспірімнің анасы полицияға шағым түсіргеннен кейін және бейнебақылау камераларын тексеру барысында оның бұл білім мекемесінде жұмыс істемейтіні анықталған.

"Осы іске күдікті ретінде 26 жастағы әйел анықталып, ұсталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция департаменті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!