Шымкентте автобус қызды қағып кетті

Шымкентте автобус қызды қағып кетті
Фото: видеодан алынған кадр

Шымкентте Мәделі Қожа көшесіне жетпей, Байтұрсынов көшесінде автобус қызды қағып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға куәгерлерінің сөзінше, зардап шеккен қыз 27-бағыттағы автобустың алдынан, рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болған.

Жүргізуші жол апатының алдын алу үшін тежегішті басқан. Дегенмен бірден тоқтай алмай, қызды қағып кеткен.

Жәбірленуші апат салдарынан ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді.

"2005 жылы туған науқас жол апаты болған жерден  №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, онда оған КТ және ультрадыбыстық зерттеу жасалды. Ол қазір қалалық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Травматикалық пунктіде науқасты реаниматолог, нейрохирург қарап, бас миының жабық жарақаты диагнозымен нейротравматологияға жатқызылды", - деп хабарлады Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан