Қазақстанда ескірген атауларды өзгерту жұмыстары қалай жүргізіледі?

Қазақстанда ескірген атауларды өзгерту жұмыстары қалай жүргізіледі?
Фото: Тұрар Казанғапов

Қазақстанда былтырдан бастап ескірген атауларға қатысты 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Оған сәйкес, 2025 жылға дейін атауы ескірген әкімшілік аумақ, елді мекен, мемлекет меншігіндегі ғимараттар, географиялық нысандар мен көшелерге жаңа атау беру көзделген. Жалпы, жол картасына сәйкес, 3 мыңға жуық жаңа атау беру жұмыстары жоспарланған.

Бұл жұмыстарды атқару тәртібі "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы", "Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңдарында қарастырылған. Заңнамаға сәйкес, жаңа атау беру және ескірген атауды өзгерту тәртібі республикалық және жергілікті ономастика комиссиясына тапсырылады. Республикалық комиссия құрамында депутаттар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар және тіл мамандары және т.б. болады. Ал комиссия қызметін Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.

Ономастика комиссиясының негізгі жұмысы нысан, елді мекен немесе көше мен даңғылға жаңа атау беруге немесе ескірген атауды өзгертуге қатысты қорытынды беру. Республикалық ономастика комиссиясы жаңа атау таңдау кезінде қолданылатын нақты ұсынымдарды әзірлейді. Осы ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, нысан, елді мекен, көше немесе даңғыл атауы таңдалады.

Жаңа атау беру жұмыстарын оңтайландыру үшін Республикалық ономастика комиссиясы ортақ тарихи сананы қалыптастырып, бірізділікті қамтамасыз ететін "Тарихи тұлғалар" тізімін әзірлеген. Ол тізімге мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосқан қайраткерлердің есімі кіреді. Жаңа атау беру немесе ескірген атауды өзгерту кезінде осы тізімге енген тұлғалар есімі нұсқа ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, жаңа атау беруге немесе ескірген атауды өзгертуге қатысты кез келген өзгеріс жергілікті тұрғындармен талқыланып, олардың пікірі ескеріледі.

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан ұсынысын мысалға келтіруге болады. Президент Жолдауында "егер жұртшылық Қапшағай қаласына халқымызыдың біртуар тұлғасы - Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру керек деп ұсынса, бұл пікірге қосылып, қолдайтынын" айтқан болатын. Мемлекет басшысы мұны азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтқанын жеткізді. Осыдан кейін талқылаудың бірнеше кезеңінен өтіп, қолдау тапқаннан кейін қалаға Қонаев атауы берілді.

Жалпы, былтыр 68 елді мекен атауы өзгертілгенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың тапсырмасын орындау мақсатында жаңадан құрылған үш жаңа облысқа атау берілді. Ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан үш облыс атауы тек мемлекеттік тілде бекітілгенін атап өтті. Бұдан бөлек, былтыр тағы 572 құрамдас бөліктің атауы өзгертілгені айтылды.

Д. Шәріпхан