"Барар жеріміз жоқ". Астаналықтар адамшошырлық жағдайда өмір сүріп жатыр

"Барар жеріміз жоқ". Астаналықтар адамшошырлық жағдайда өмір сүріп жатыр
Фото: Almaty.tv

Астанада 170-ке жуық тұрғын адамшошырлық жағдайда өмір сүріп жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астананың оң жағалауындағы 170-ке жуық тұрғын тұратын 5 қабатты жатақхана кеңестік кезеңде салынған. Еденінен шатырына дейін қирап, опырылып жатыр. Электр сымдары, қабырғалары шіріп кеткен.

"Жатақханада ыстық су жоқ, суық суды әзер табамыз. Мұнда тұруға қорқамыз, басқа амал жоқ. Арзан болған соң тұрып жатырмыз. Мәселені үнемі көтереміз, бармаған жеріміз жоқ", - деді қала тұрғыны Гүлбану Шахимова.

Телеарна мәліметінше, тұрғындар амалын тапса бұқара бұл жерден безіп кетуге дайын. Бірақ қаладан пәтер жалдауға шамасы келмейді. Жылдан жылға пәтердің едені отырып, қабырғасындағы жарықтар үлкейе бастаған. Тұрғындар бірінші қабаттағы су басып, жөндеу көрмеген жалғыз дәретхананы пайдалануға мәжбүр.

"Менің бұл жерде тұрып жатқаныма біраз болды. Өмір сүру мүмкін емес. Басқа барар жеріміз болмаған соң, тұрып жатырмыз. Түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ", - деді қала тұрғыны Олеся Благодарная.

"Жатақхана сүрілсін" деп халық әкімдікке талай рет барған. Бірақ олар тек уәде беретін көрінеді. Тұрғындардың үрейін алған үйге былтыр 69 пайыз "апатты жағдайда" деп құжат толтырылған. Алайда арада 1 жыл салып, сүрілуге тиіс үй белгісіз себеппен тізімнен алынған.  

"Астанада апатты жағдайда 206 үй бар. Оның ішінде 18 жатақхана тіркелген. Бұл үйлер жоспар бойынша кезең-кезеңімен сүріледі. Алайда тізімде Потанин көшесіндегі үй мен жатақхана типтегі 18 үй жоқ", - деді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Сарыарқа ауданы инспекциясы бөлімінің басшысы Еркебұлан Көшкінбай.

Бас қалада 200 үй тұруға жарамсыз. Бірінің әйнегі сынып, енді бірінің қабырғасы құлап тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өмір сүруге қауіпті 59 баспана алдағы 5 жылда сүрілуі керек.

Елімізде 2029 жылға дейін 1,5 мың үй сүріліп, орнына жаңасы салынбақ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек