Алматыда оқушылар теңіз шошқасын өлтірген: полиция пікір білдірді

Желіде Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде оқушылар мен мұғалімнің теңіз шошқасын кесіп, іш-құрылысын ақтарып жатқан видео тарады. Полиция бұл дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қалалық ПД бұл дерек ҚР ҚК-нің 316-бабы бойынша Әуезов аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады. Істің мән-жай анықталып жатыр. 

Еске салайық, бұл оқиғаға қатысты елорданың білім басқармасы өкілдері түсініктеме берген болатын. Бұл видео "Белый Бим" жануарларға арналған баспананың Instagram-парақшасында пайда болды. 

Онда теңіз шошқасын алдымен басынан ұрып өлтірілгені, кейін скальпельмен іш-құрылысын ақтарып жатқаны көрінеді. Видеоға қарағанда, бұл оқиға биология сабағында өтіп жатқан.

"Биыл 20 ақпанда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 72-бабына сәйкес Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті мен білім басқармасының қызметкерлері Алматы қаласындағы "125 Алматы" ЖШС жеке мектебіне әлеуметтік желіде тараған видеоның мән-жайын анықтау мақсатында барды. Түсіндіру барысында бұл оқиғаның 17 ақпанда Алматыдағы жекеменшік мектептің 10-сыныбында биология пәнінен қосымша практикалық сабақта болғаны анықталды. Мұғалімнің айтуынша, ол оқушылардың қалауы бойынша теңіз шошқасының іш-құрылысын көрсету мақсатында "анатомия және физиология" бөлімін қорытындылау мақсатында практикалық сабақ өткізген. Мұндай деректердің алдағы уақытта қайталанбауы үшін мектеп ұстаздарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!