Қонаев қаласын айналып өтетін жол салынады

 Биыл Қонаев қаласын айналып өтетін жол құрылысы басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 ҚР Ұлттық экономика министрлігі "Алматы агломерациясын дамытудың 2027 жылға арналған кешенді даму жоспарын дайындады. Құжатта  айналма жол 56 шақырымды құрайды деп көрсетілген. Күре жолдың құрылысы Заречный ауылының тұсынан басталып, батыс бағытқа қарай созылады. Іле өзенінде салынатын жаңа көпірден өтіп, Шеңгелді ауылы жанындағы Алматы-Өскемен автодәлізіне қайта қосылады. Ал, қазіргі трасса қала ішіндегі орталық жолға айналады. Бірақ, бұл жоба әзірге толық бекітілмеген.

"Жалпы, айналма жол облыс орталығынан батысқа қарай 13 шақырым жерден өтетін болады. Оның құрылысына жыл сайын ел бюджетінен 14 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жұмысты Алматы облысы мен "Қазавтожол" ҰК бірлесіп атқарады" деді "Қазавтожол" компаниясы Алматы облыстық филиалының өкілі.

Сонымен қатар Қонаев қаласын басып өтетін теміржол да қала сыртына шығарылуы мүмкін. Қазір қаланың бас жоспары әзірленген. Ол алдағы айда Үкімет қарауына жіберіліп, бекітілуі керек.

"Теміржол желісін қала сыртына шығару қысқа мерзімде атқарылмайды. Ол қаланың бас жоспары бекітілуіне қарай қарастыралатын өте маңызды жоба. Алайда оны іске асыруға инвесторлар қызығушылық танытып отыр" деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаев.

                                                                                               Саламат Сабыр

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!