Түркияда жер сілкінгенде зардап шекпеген қала бары рас па?

Түркияда жер сілкінгенде зардап шекпеген қала бары рас па?
Фото: © AP Photo / IHA

Жақында Түркия мен Сириядағы шекаралас аймақтарда араға 10 сағаттай уақыт салып екі жер сілкінісі болды. Салдарынан Түркияның 11 провинциясы және Сирияның бірнеше қаласы зардап шекті. Кейінгі дерек бойынша екі елде 46 мыңнан аса адам қаза тапқан. Желіде көп елді мекен қирап, ғимараттардың жапырылып құлаған видеолары тарады.

Әлеуметтік желі мен түрлі сайтта жер сілкінісінің ошағына жақын орналасса да бірде-бір ғимараты құламай, адам шығыны болмаған аймақ табылды деген ақпарат тарады. Үйлер құламай, адам шығыны болмауына аймақ басшысы Оккеш Елмасоғлының тек заң шеңберінде жұмыс істеп, ғимараттардың заңсыз салынуына қатаң тыйым салғаны түрткі болған. Бұл туралы көп белсенді, қоғамдық пікір лидері мен ақпараттық сайт жарыса жазып жатыр. Бұған байланысты Factcheck.kz порталы ақпаратты тексеріп көрді.

Зілзала ошағына жақын орналасса да, Ерзин аймағында бірде-бір ғимарат қирамаған, адам шығыны жоқ. Бұл аймақ басшысы Оккеш Елмасоғлының заң аясында жұмыс істегенінің арқасында болған.

Шындық: Зардап шеккен 11 провинцияның бірі Хатайға қарасты Ерзин ауданында расымен де, адам шығыны болмаған, дегенмен орташа бүлінген ғимараттар кездеседі. Бұл туралы CNN Turk-ке берген сұхбатында Ерзин басшысы Оккеш Елмасоғлы айтты.

Манипуляция: Көп сайт пен белсенді Оккеш Елмасоғлыдан "супер-каһарман" жасап, түрлі тақырып қойып, ақпаратты бұрмалап жатыр. Яғни, қала басшысының ұстанған саясаты қаланы қираудан сақтады дейді. Негізінен, ауданның аса қатты күйремеуіне бірнеше себеп айтылды.

Біріншіден, Елмасоғлының CNN Turk-ке берген сұхбатында көп үйдің бір қабаттан тұратынын және ғимараттардың оның билікке келгеніне дейін салынғанын атап өтті. Ол 2019 жылы 31 наурызда Республикалық халық партиясының атынан сайланды.

Екіншіден, кейбір сейсмологтардың айтуынша, Ерзин қаласының тектоникалық тұрғыда өте мығым. АҚШ-тың геологиялық қызметіне қарасты сейсмикалық белсенді аймақтар картасынан 6-17 ақпан аралығындағы уақытта Ерзин ауданында аса қатты тоқулардың болмағанын көреміз. Яғни бұл сейсмологтардың сөзін растайды. Стамбул университетінің экс-профессоры Окан Туйсуз Ерзин маңайында тектоникалық қозғалыстың жоғын айтты.

Үшіншіден, Ерзин аймағындағы топырақтың геологиялық құрылымы жақсы әсері берілгені айтылды. Зерттеулердің нәтжесінде құм аралас топыраққа қарағанда тас аралас топырақ әлдеқайда төзімді келеді.

"Хаса, Ислахие, Кырыкхан, Антакья және Самандак аймақтары топырақ жағдайларының нашарлығынан қатты зардап шекті. Бәлкім, Ерзин аймағы топырағының арқасында аман қалған болар", - дейді Йылдыз университетінің профессоры Шүкру Ерсой.

Ерзин туралы

  • Ерзин ауданының экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген: көпқабатты үйлер аз;
  • Ерзиннің өнімдерін сататын арнайы сайт та бар. Бұл жерден ауыл шаруашылық заттарын алуға болады;
  • Ерзин 1987 жылдан бері аудан статусына ие;
  • Қазір ауданда 41 300 адам тұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек