"Декретке миллионмен": Декреттік төлем алу үшін жеке кәсіп ашу заңды ма?

"Декретке миллионмен": Декреттік төлем алу үшін жеке кәсіп ашу заңды ма?
Фото: elements.envato.com

Декреттік демалысқа миллионмен шығуға болады. Оның бірнеше тиімді тәсілі бар. Мысалы, негізгі жұмыс орнынан бөлек жеке кәсіпті тіркеу арқылы декреттік төлемдерін көбейтетіндер бар. Бұл қаншалықты заңды?

Заңгер Айгүл Болтаева бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды екенін айтты.

"Бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды. Бастысы, әр жұмыс жасаған жеріңізде жұмыс беруші әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс төлеп тұрса болғаны. Сондай-ақ негізгі жұмыстан бөлек кәсібіңізді заңдастырып, ИП ашып, әлеуметтік төлемдер жасап, ол жақтан да декреттік төлем алудың заңға қайшылығы жоқ. Тек ескеретін бір жайт - кей мемлекеттік қызметкерлердің өз атына ИП ашуына рұқсат жоқ", - деді заңгер.

Жеке кәсіпті заңдастырып алудың басқа да артықшылықтары бар. Зейнетақы жүріп отырады, аурухана, емханаларда тегін қаралуға мүмкіндік болады, салық қызметкерлерінің алдында міндеттеме болмайды. Сонымен қатар, салық уақытылы төленіп отырған соң, қорықпай кәсіпті жалғастыруға болады. Мысалы, үйден торт немесе самса пісіріп, сатып отырсаңыз, күтуші болып еңбек етіп жүрсеңіз, тапсырыспен түрлі бұйым тігіп отырсаңыз, инстаграмда СММ, таргетолог болып жұмыс істеп жүрсеңіз, кәсібіңізді заңдастырып алу арқылы сізге тиесілі декреттік төлемді заңды түрде ала аласыз.

Бухгалтер Айсақызы Әсем бірнеше жерде жұмыс істеп декретке шығатын болсаңыз, бұл жұмыстардың уақыты әртүрлі болу керегін ескертті.

"Жеке кәсібіңізді тіркеп алып, әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп жүрсеңіз, декретке шығарда ешқандай қиындықтар туындамау керек. Ал егер негізгі жұмысыңыздан бөлек, тағы біреудің жеке кәсібінде қосымша жұмыс істеп, ол жаққа да тіркеліп, декретке құжаттар тапсыратын болсаңыз, екі жұмыс орныңыздың уақыттары әртүрлі болуы керек. Мысалы, бір жұмыс орнында сағат 09.00 - 18.00 аралығында жұмыс жасасыңыз, келесі жұмыста кешкі ауысымда болуыңыз керек", - деді маман.

Ал егер кәсібіңіз болмаса, тек декреттік төлем үшін ЖК ашудың қажеті жоқ. Тексерістен ұсталып қалып, жауапкершілікке тартылатындар да бар.

А. Жапатова