Полицейлерге күдікті көрінген адам ұры болып шықты

Полицейлерге күдікті көрінген адам ұры болып шықты

Талдықорғанда көлікті айдап кеткен күдіктінің бірнеше ұрлыққа қатысы бар болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

16 ақпанда полиция қызметкерлеріне облыс орталығын патрульдеу кезінде, қарсы алдынан шыққан Audi-80 автокөлігі күдікті болып көрінді. Шетелдік көліктің мұз басқан алдыңғы әйнегі жүргізушінің көлікке асығыс отырып кеткенін байқатты.

Жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтату талабын елемей, керісінше жасырынуға тырысып, қаша бастады. Алайда ер адам ұсталды.

Ол бұрын сотталған 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Көлікте аккумулятор болмаған соң, жақын жерде тұрған Volkswagen көлігінің аккумуляторын ұрлап кеткен.

Тергеу барысында ұсталған азаматтың облыс орталығындағы асханалар мен бірнеше дүкендердің бірінің кассасынан бірнеше рет ақша ұрлығына қатысы бары анықталды. Ол бұған дейін топтасып зорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2021 жылы түрмеден босатылғаны анықталған.

Қылмыстық кодекстің 200-бабы "Айдап кету" және 188-бабы "Ұрлық" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті УҰИ-на қамалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина