Үйі музейге айналатындай, көпес Куприн кім еді?

Үйі музейге айналатындай, көпес Куприн кім еді?
Фото: @ Сурет: Астана қалалық мемлекеттік архивтікі

Астана қаласындағы ХХ ғасырдың басында негізі қаланған жәдігерлердің бірі – көпес Куприннің үйі. Елорда тұрғыны осы үйді қалалық музей ретінде қайта ашуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бас қалада туризмді дамыту жұмыстарына кедергілер бар. Мәселен, ЭКСПО көрмесі қалашығындағы музейді алсақ, аптаның үш күні ғана жұмыс істейді. Музей жұмыс істемейтін күндері келген туристер сонда қайда барады? Ұлттық музейде балаларға арналған бөлме ашылыпты, демалыс күндері жиендерімді апарайын десем, біз "Сейсенбі, жұма күндері жұмыс істейміз" дейді", - деді Астана туризм қауымдастығының өкілі Татьяна Верницкая әкімнің орынбасарымен кездесуде.

Сондай-ақ, ол елордадағы бұрынғы музейді қайта жаңғырту идеясын көтерді.

"Бізде қалалық музей жоқ. Бұрын көпес Куприннің үйі музей болды. Ол ХХ ғасырдың басында ашылған. Ал қазіргі таңда жабық тұр. Демек, қала тарихынан хабар беретін, бүгінгі Астананың қайдан басталатынын баяндайтын музей жоқ. Бізге салалық музейлер де керек. Елордада тарихы бар бірнеше өнеркәсіп бар", - дейді астаналық әйел.

Ұсынысты тыңдаған қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев идеяны жүзеге асыру жағы қаралатынына уәде берді.

Айта кетейік, бүгін елордада қала орынбасарының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшышылығының және түрлі бизнес өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Бұл басқосуда ортаға салынған тақырыптың бірі – қалалық туризмді дамыту.

Ал көпес Куприн ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жеріне қоныс аударып, өз кәсібін дөңгелетіп, қала тарихында айтарлықтай із қалдырған казак. Оның үйі Кенесары мен Әуезов көшелерінің қиылысында тұр. Ғимарат өзінің қайталанбас архитектурасымен қызықтырады.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы